Ерлан Қиясов: Карантинді толық алуға әлі ерте
Эпидахуал қанша жақсарды дегенмен, карантинді толық алуға әлі ерте. Бас санитар дәрігердің пікірінше, шектеулерден тек жаппай вакциналау арқылы ғана құтылуымыз мүмкін.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
24.02.2021
Бүгінде 20 мыңнан астам адам екпенің бірінші компонентін қабылдап үлгерсе, 2 мыңнан астам азамат екінші компонентті салдырған. Барлығының жағдайы жақсы.
Қазақстан бойынша 786 егу алаңы бар. Вакциналауды талапқа сай жүргізуге 9 мың медицина маманы арнайы курстардан өткізілген. Бас санитардың айтуынша, екпеден қорқуға еш негіз жоқ.
Шілде айына қарай Қарағандыдағы вакцина өндірісінің көлемін айына 2 миллион дозаға жеткізу көзделіп отыр. Наурыз айынан педагогтар мен әскери сала қызметкерлерін вакциналау басталады. Ал сәуір айына қарай екпе қабылдау кезегі депутаттар мен министрлерге жетеді. Екпенің жүйелі жүріп жатқанына және біршама тұрақтанған эпидахуалға қарамастан, карантин жуық арада алына қоймайды.
Ерлан Қиясов, ҚР Бас санитар дәрігері:
- Барлық өңірлердің өзі «жасыл» аймаққа енген күннің өзінде вирус мүлдем жойылып кетеді деп айта алмаймыз. Ал қазір карантинді толық алып тастау туралы әңгіме қозғау әлі ерте. Бұған дейін де айтып жүргеніміздей, жаппай вакциналаудың нәтижесі де өз әсерін тигізетін болады. Оған қоса, бір күнде барлық шектеуді алып тастай алмаймыз. Бұл шаруа бірте-біре жүзеге асырылуға тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!