Ескерту: Алыс жолға шықпаңдар
Еліміздің барлық облысында ауа райы бұзылды. Ақмола облысын сарышұнақ аяз қыспаққа алса, Шығыс пен Орталық Қазақстанда ақтүтек бораннан қарыс қадам көрінбейді. Атырауда қар құрсауында қалған адамдар әлі іздестіріліп жатыр. Ұйытқып соққан желден еліміздің 11 облысында республикалық маңызы бар жолдар жабылды.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
25.02.2021
Қарағанды облысында қытымыр қыс қырсықтық танытып жатыр. Құбылмалы ауа райына байланысты өңірдегі барлық жолдар жабылды. Ал коммуналдық қызметт қар тазалап үлгермей жатыр. Ескертуді елемегендерді тәртіп сақшылары бекет маңынан тоқтатуда. Соның өзінде жолда қалған 70-ке тарта жолаушы құтқарылыпты. Ал аязда облыс көлеміндегі барлық мектеп оқушылары сабақтан босатылды.
Ибрагим Сейдаев, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Қырық минуттай тұрмын-ау деймін. Білмеймін, жолды бүгін ашпайтын сияқты ғой. Алдында соғысып жатыр дейді. Осында қала салайын десем, үй, ештеңе жоқ. Теміртауда тұрамын. Амал жоқ, тұрмыз енді.
Ақмола облысында ақтүтек боран басылар емес. Бет қаритын аязда көшеге шығу мүмкін емес. Өйткені сынап бағанасы түнде 35 градусқа түскен. Көлік қатынасы тоқтады. Қазір Алматы-Екатеринбург, Нұр-Сұлтан-Атбасар және облыстық маңызы бар жолдардың 6 учаскесі жабылылып, даладада қалған жолаушыларды құтқару жалғастырылып жатыр.
Александр Сукачев, жүргізуші:
- Құтқарушыларға мың алғыс! Үсіп қала жаздадық. Енді жарты сағат кешіккенде, мен қазір бұл жерде аман-сау отырмас едім.
Шығыста бет қаратпас жел ұйытқып тұр. Секундына 25 мерт жылдамдықпен соққан ызғарда жаяу жүру мүмкін емес. Абай ауданындағы бастауыш сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Ал құтқарушылар, діттеген жеріне жете алмай, жолда қалған 10 шақты адамды қауіпсіз жерге жеткізген.
Арқаның ақтүтек бораны оңтүстікке де жетті. Шымкент-Тараз тас жолы жабылып, 120 жүк көлігі, 22 жолаушы автобусы және 80 жеңіл көлік 750 ге жуық жолаушысымен жолда қаңтарылып тұр. Төтеншеліктер қар құрсауынан 29 адамды алып шыққан.
Бет шымырлатар аяз атыраулықтарды да аяп жатқан жоқ. Құбылмалы ауа райының кесірінен облыста сынық жарақатын алғандар күрт көбейіді. Көктайғақта мертігіп қалған 500-дей науқасқа медициналық көмек көрсетілуде. Оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер де бар. Төтенше жағдай қызметі соңғы екі аптада боранда жоғалып кеткен 75 адамды тауып, қар құрсауында қалған 21 техниканы шығарыпты.
Жантөре Демешов, Атырау облысы ТЖД бөлім басшысы:
- Ең көп дегенде бір тәулік ішінде жоғалған адамдар көп. Олар автокөлік ішінде болған. Денсаулықтарына зиян келмеген. Медициналық көмектен бас тартты.
Қазір Атырау облысында күре жолдар ашылды. Ал Республика бойынша ауа райы құбылып, желдің нақты қай бағыттан ұйытқып соғатынын синоптиктер дәл болжап айта алмай отыр. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі әлі де алыс жолға шықпауды ескертеді. Өйткені 11 облыстағы тас жолдар тарс жабылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!