{metadescription}
Ауыл шаруашылық жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді
Ауыл шаруашылық жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді

Ауыл шаруашылық жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді. Ұлттық кеңестің отырысында Президент бұл мәселеге соңғы нүкте қойды. Биыл жер туралы бес жылдық мораторий күшін жойған болатын.

2016 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сатылымға шығармақшы болған шенеуніктерге халық наразылық білдірген. Ұлттық кеңестің бесінші отырысы қалай өтті?  

Ұлттық кеңестің мүшелері күлтөбенің басына былтыр қазан айынан бері жиналмапты. Бұл жолы бір-бірін онлайн бейнеконференция арқылы көрген белсенділер Тоқаевтың тоқетер сөзін жазудан жалықпады. Маңыздысы – жер мәселесі.  Соңғы рет бұл әңгіме бес жыл бұрын айтылған. Сол кезде жер шетелдіктерге сатылады деп мәлімдеген министрлер кабинетіне халық қарсы шығып, ақыры мораторий енгізілді. Үкімет тағы ұсыныспен шықпай тұрғанда, бұл мәселе шешімін тапты.

Енді Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінен шетелдіктердің дәмесі болмауы тиіс. Жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін мемлекет басшысы Жер реформасы жөніндегі комиссияны бір айдың ішінде құруды тапсырды. Сондай-ақ президент шетелдіктерге қатысты тағы бір тыйым салмақ. Ел аумағында лотерея ұйымдастырып, құмар ойындар өткізіп, табыс табатындар лицензиясынан айырылып қалуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Балаларды және құмар ойын ойнайтындарды лотерея ойнатуға, заңсыз ойын бизнесіне тартқан жағдайда осыған жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылуы тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз. Шетел азаматтарының Қазақстанда құмар ойындарды заңсыз өткізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек.

Бала демекші, елімізде әйелдер мен балалар жиі қорлық көріп жататыны жасырын емес. Жыл сайын нәзік жандыларға қатысты 2,5 мыңнан аса қылмыс тіркеледі. Әлеуметтік проблеманы шешу үшін арнайы жасақ құрамы қалпына келтірілмек. Ал бұқараның басты базынасы болған баспана қақын арзандатуға қатысты Тоқаев ұсынысы бар. Ол – құрылыс компанияларымен алдын ала сатып алу келісімін жасасу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес, тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады.

Ауылдағы тұрғын үй мәселесі назардан тыс қалмады. Президент әр кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтарады деді. Ауылдағы ағайынның әлеуетін көтеруге әкімдердің енді жауапкершілігі арта түспек. Олардың биыл орынтағына сай, не сай еместігі қаралады. Ал аудан әкім-қараларын сайлау 2024 жылға түсіп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу  халық билігін ортанудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.

Қазір қоғам арасында вакциналау туралы түрлі әңгімелер желдей есіп жүр. Тоқаевтың пікірінше, екпе салдыруға қарсы шыққандар – хайп қуып жүргендер. Медицинаға деген халықтың сенімін президент бірыңғай ақпараттық базамен арттырмақшы. Яғни азаматтар еш жерге сабылмай, өзіне қажет медициналық қызметті бір мекемеден алуы керек. Президент пәрмені енді қалай жүзеге асатыны уақыт еншісінде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде