{metadescription}
«Әкімдік қызметкері күйеуімді өлтірді»
«Әкімдік қызметкері күйеуімді өлтірді»

«Әкімдік қызметкері күйеуімді өлтірді»

Алматы тұрғыны «күйеуімді өлтірді» деп, қала әкімдігінің қызметкерін айыптады. Дәлірек айтқанда, әкімдіктің көлік жүргізушісін. Қылмыс болған жерге де сол қызметтік көлікпен келді дейді Ажар Әбдірешева. Ал әкімдіктегілер жүргізушіні қылмыс болғанға дейін жұмыстан шығарып үлгеріп, қашанғыдай өздеріне шаң жуытқан жоқ.

Қара жамылған келіншек енді арашаны Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтан сұрап отыр.

Қанды оқиға ақпанның 22-не қараған түні болған. Сілтеген пышақ тура жүрегіне қадалған 31 жастағы Кенже Байниязов жедел жәрдем жетпей жан тапсырған.

Кісі қолынан қаза тапқан марқұмның жары Ажардың айтуынша, күйеуі сол күні таныстарымен жолыққан. Түнде телефон арқылы сөйлескенде барлығы есік алдында жүргенін, сәлден соң үйге кіретінін жеткізіпті. Енді қайғыдан қан жұтқан келіншек өмірлік серігімен соңғы рет тілдескеніне әлі сене алар емес.

Ажар Әбдірешева:

- Маған «алло» демей тұрып көтерді де, ар жағынан «Бауыржан, қойсаңшы, қайда кеттің? Бері кел» деді. Сосын, «жаным, уайымдамашы, жарты сағатта кіремін, уайымдамай ұйықта» деді. Бітті сонымен.

Ажардың сөзінше, сол сәтте күйеуінің жанында төрт жігіт болған. Алайда жанжалдың неден туғаны жұмбақ. Ал «жолдасыма пышақ сұққан күдіктіні танымаймын» деген келіншектің көкейінде күмәнді сұрақ көп. Себебі, тергеуге көңілі толмаған ол үш адамның куәгер ретінде босап кеткеніне наразы. Ажарды алаңдатқан тағы бір жайт, күйеуіне пышақ сілтеген күдікті Алматы қалалық әкімдігінде жұмыс істеген көрінеді. «Бірақ әкімдіктегілер оқиғадан бұрын жұмыстан шығарып үлгерген», - дейді қаралы келіншек.

Ажар Әбдірешева:

- 18-і күні оны жұмыстан шығарды, артқы санмен. Ол 18-і күні жұмыстан шығып тұрса, онда 22-і күні менің күйеуімді өлтіріп тұрған кезде ол қызметтік көлікпен неге келеді? 18-нен бастап жұмыс істемесе, неге әкімдіктің көлігін айдап жүреді? Бас бухгалтердің жүргізушісі боп істеген.

Ал полицейлер қазір ауруханада жатқан күдіктіні күзетіп отырғандарын айтады. Аталған жайтқа қатысты «адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Десе де тергеудің әділдігіне қауіптенген Ажар Әбдірешева түрлі құзырлы органдармен қатар, қала әкімінен де араша сұраған болатын. Бір аптадан бері үнсіз жатқан әкімдікке Ажардың жанайқайы енді жеткендей.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Алматылық Ажар Әбдірешеваның өтінішімен оның жұбайын өлтіру дерегі бойынша істі жеке бақылауыма алдым. Күдікті қамауға алынды. Қала полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовке тергеудің жан-жақтылығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырдым. Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын.

Алайда әкімдік өкілдері күдікті туралы тіс жармады. Мұндай үнсіздіктен күдігі көбейген келіншек істің бүге-шегесіне дейін тергелуін талап етеді. Марқұм Кенже Байниязовтың артында кәмелетке толмаған екі ұлы қалды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.