Ақтауда химиялық заттан екі адам уланып өлді
Ақтауда жәндіктерді улайтын химиялық заттан ес-түсін жоғалтқан жеті адамның беті бері қарады. Жақын күндері бес бала ауруханадан үйіне шығарылады. Ал 34 жастағы ер адам мен 68 жастағы әйел жансақтау бөлімінен ортақ палатаға ауыстырылаы.
Автор: Айман Нұрмағанбет
01.03.2021
Оқыс оқиға кеше болған. Тарақан өлтірмек болған әйел көршілеріне ескертпестен, пәтеріне «Квикфос» препаратын шашып кетіп қалған. Жоғары қабатта тұратын 10 айлық сәби мен оның анасы уланып көз жұмды. Ал марқұмның күйеуі мен енесі енді ғана есін жиыпты. Қатты уланып қалған екі ересек пен бес бала ауруханаға жеткізілген. Олар дер кезінде дәрігерлерге көрініп аман қалды. Қазір тәртіп сақшылары жәндіктерді жоямын деп екі адамды улап өлтірген тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындады.
Мәулен Жұмаділлаев, Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Қазір гемодинамиканы тұрақтандырдық, олар есін жиды. Қарым-қатынас жасай алады, сөйлесіп, барлығын танып жатыр. Анализдері тұрақты. Бүгінде ол кісілерді профильді бөлімшеге ауыстырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!