Қарағандыда арнайы техникалардың қарға қауқары жетпей жатыр
Қарағандыда қарлы боранның салдарынан көлік атаулы тоқтап, жаяу жүргіншілердің жүрісі қиындады. Толассыз жауған қар ұйытқыған желмен әбден нығыздалып қалған. Коммуналдық қызмет аулалар мен жолдарды қардан аршып үлгермей жатыр. Аудан әкімінің өзі қар тазалайтын техникаға мініп көшеге шығыпты.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
01.03.2021
- Белгілі бір қиындықтар бар, міне, тіпті камераға да көрсетемін. Бүкіл техника жұмыс істеп жатыр, қолайсыздықтар бар, қардан аз уақыт ішінде тазартамыз деп уәде беремін.
Бұл Қазыбек би аудан әкімінің кеше қар борай бастағанда жасаған қойылымы. Бүгін өзін жарнамалауды сап тыйыпты. Өйткені тұрғындар таң алакеуімнен жұмысқа жете алмай, аялдамаларда топырлап тұр. Қалың қардан қоғамдық көліктің қозғалысы қиындаған. Ал әупірімдеп жеткендері жолаушыға лық толып, орнынан жылжи алмай тұр Оны жабылып жүріп итеруден басқа амал қалмады. Көліктердің қарға омбылап тұрып қалып немесе апатқа түсуінен көшеде шақырымдаған кептеліс пайда болды. Мамандардың айтуынша, кешелі бері өңірге қардың бір айлық мөлшері түскен. Жауын-шашын әлі де тоқтар емес. 300-ге жуық арнайы техниканың қармен арпалысуға қауқары жетпей жатыр. Қолына күрек ұстағандар да әбден діңкелеген.
Ольга Скворцова, коммуналдық мекеме жұмысшысы:
- Қар қатты дымқылданып кеткен, ауыр. Күннің күрт жылынуынан болып отыр. Суланған қар техниканың күрегіне жабысып, жұмысты қиындатып жатыр. Қар жауғаны тоқтамаса, бір аптаға дейін алысуымыз мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!