Сирек дертке шалдыққан ақтаулық Гүлбибі көмек сұрайды
Өте сирек кездесетін дертке шалдыққан ақтаулық Гүлбибі Ахметоваға көмек керек. 29 жастағы науқастың бауырындағы тамырлары ісіп, ағзасы түгел зақымданған. Дәрігерлер дереу трансплантация жасамаса, Гүлбибінің бір жарым айлық өмірі қалды деп отыр. Сондықтан дертіне дауа іздеген науқас жомарт жандардың көмегіне мұқтаж.
Автор: Айман Нұрмағанбет
04.03.2021
Гүлбибі өзінің ауыр дертке шалдыққанын екі жыл бұрын біліпті. Алғашында оң жақ қабырғасының асты ауырып, шанши бастаған. «Күнделікті күйбің тірлікпен оған мән бермей жүре бердім», - дейді. Кейін ауруы асқынып, Алматыға барып тексерілген. Науқасты қараған дәрігерлер бауырының тамырларына ісік түскенін анықтапты. Қазір Гүлбибі 500 мың теңге тұратын қымбат дәрінің күшімен ғана жүріп-тұруда.
Гүлбибі Ахметова:
- Қазір менің бауырым тек дәрінің күшімен істеп тұр. Бауыр істемей тұруы мүмкін емес, ол ары қарай бүкіл органды алып кетеді. Министрліктен квота сұрап едім, бас тартты. Жоқ деген жауап алып отырмын.
Бауырға трансплантация тек әлемнің бес елінде жасалады. Ең арзаны әрі жақыны Беларусь елінде дейді Гүлбибі. Ондағы дәрігерлер күрделі отаны жасауға келіскен. Бірақ 1,5 айдың ішінде ағзаны ауыстырмаса, кеш қалуымыз мүмкін депті. Алайда 125 мың доллар тұратын отаны жасатуға қарапайым отбасының қаржысы жоқ.
Гүлбибі Ахметова:
- Жалпы сомасы теңгемен есептегенде 52 миллион. Өте үлкен сома. Сондықтан мен оны өзім жинай алмаймын. Халықтан көмек сұрап отырмын. Амалым жоқ болғандықтан.
Гүлбибінің жолдасы жұмыстан шығып қалыпты. Өзі денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз. Үш баласымен жалдамалы пәтерде тұрады. Арманы – аман-есен ота жасатып, үш баласының өсіп-өнгенін көру. Сондықтан ол қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!