{metadescription}
Өңірлерде көктемгі су тасқынына дайындық басталды
Өңірлерде көктемгі су тасқынына дайындық басталды

Өңірлерде көктемгі су тасқынына дайындық басталды

Тасқынға тосқауыл қойылады. Еліміздің әр өңірінде көктемгі су тасқынына дайындық басталды. Төтеншеліктердің бірі өзен арналарын қар-мұздан тазаласа, енді бірі белгіленген сценарий бойынша тұрғындарды су басқан маңнан қауіпсіз жерге көшіріп жүр. Құтқарушылар табиғаттың тосын мінезіне сақайдай-саймыз десе де, қатерлі аймақтардың барын жасырмайды.

Көктем басталғалы төтеншеліктерде тыным жоқ. Қауіптің алдын алуға тырысқан мамандар қаланы кесіп өтетін түрлі өзен арналарын жағалап, тазарту жұмысына бел шеше кіріскен.

Қарғалы өзені көзге қораш көрінгенімен, әп-сәтте арнасынан көтерілсе, төңірекке қатер төндіруі ғажап емес. Әсіресе көпір астындағы қасат қар мен қалың мұз өзеннің ағысына қатты кедергі келтіреді дейді төтеншеліктер. Тұрғындардың түрлі тұрмыстық қалдықты өзенге тастауы да су тасқыны қаупін күшейткен.  

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

- Егер де жауын-шашын болған жағдайда үлкен су келсе, үлкен бөгет болады. Сол себепті көпірлердің астын қардан, мұздан тазалап жатырмыз. Алматы қаласында 17 су тасқынан қауіпті учаскесін есеп алып отырмыз. Оның 11-і бойынша биыл жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.

Ал жамбылдық төтеншеліктер белгіленген сценарий бойынша қызыл су жайлаған үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп, судың деңгейін төмендетіп жатыр. Мұндай көрініс аталған өңірде жылда қайталанады. Көктем шыға Талас өзені ернеуінен асып, Тараз қаласының шеткі аудандары мен Байзақ ауданына қарасты бірнеше ауылды су шаятыны бар. Бірақ мамандар биыл ондай қауіп жоқ деп иландырды.

Ал бас қаламызда күртік қар кенет ери қалса, қала аумағында 29 жерде су басу қаупі төніп тұр. Төтенше жағдайлар департаменті табиғаттың тосын мінезінің бетін қайтаруға 79 адамнан тұратын жедел әрекет ету жасағы мен 58 техниканы тақтап қойған.

Қуанар Базарбаев, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығы:

- Балабақшаға келдік. Осы жерде су басатын жағдайы болғаннан кейін арық тазалап, қапшықтар қойып жатырмыз. Тұрғын үйлерде қауіп жоқ. Ильинкада, одан кейін қаланың шет жақтарында бар. Көбінесе ашық жерлерде.

Бүгіннен бастап әр өңірде екі күнге жалғасатын «Көктем-2021» оқу-жаттығу жиыны жүріп жатыр. Төтеншеліктер шара көктемгі тасқын судың алдын алуға және табиғат апатының салдарын азайтуға мүмкіндік береді деп сендіріп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде