Жұқпалы ауру көбінесе сырттан әкелінген малдан тарайды
Қазақстанға сырттан әкелінген малдан көбіне жұқпалы ауру тарайды. Бұған сенатор Ақылбек Күрішбаев сенімді. Депутаттың сөзінше, соңғы жылдары елімізге шетелден 153 мыңнан астам мал басы жеткізілген. Және оған бюджеттен жарты миллиард АҚШ доллары жұмсалыпты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.03.2021
Ақылбек Күрішбаев, Сенат депутаты:
- Бұрын елімізде болмаған, бізде тіркелмей жатқан Шмалленберг ауруы, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, моракселлез сияқты қауіпті экзотикалық жұқпалы аурулар сырттан әкелінді. Бұл мәселе отандық ветеринария жүйесінің қазіргі ауыр жағдайын одан сайын тығырыққа тіреді. Біздің қоғам осы импортталған малдың қаншасы бейімделе алғанын, қаншасы өлгенін нақты білмейді.
Сенатор халық ауыл шаруашылығы саласындағы ащы шындықты білуге құқылы деп есептейді. Себебі, асыл тұқымды мал жеке инвестицияларға емес, салық төлеуші қазақстандықтардың ақшасына сатып алынады. Халық қалаулысы елдегі асыл тұқымды малдың популяциясын сақтап қалу керектігіне де баса назар аударды.
Күрішбаевтің пікірінше, асылдандырылған малдың басын көбейтуде жасанды ұрықтандыру тәсілі тиімді. Бұл мәселе әсіресе ауылдағы ағайынға аса маңызды. Бүгінде сүт бағытындағы ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру үлесі Қазақстанда 15 пайыздан әрі аспайды. Көрші елдермен салыстырғанда көрсеткіш 4-6 есе азайған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!