Сарыағашта мүгедектердің қамқоршысының мардымсыз айлығын екі есеге қысқартқан
Түркістан облысындағы мүгедектер көмекшісінен айырылуы мүмкін. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын және зағип жандардың қамқоршыларына айлық екі есе аз төленетін болды. 30 мыңды місе тұтқан әлеуметтік қызметкерлерге Сарыағаш ауданының басшылары осылай депті.
Автор: Бек Әбиев
04.03.2021
«Айлығымыз мардымсыз» деген көмекшілер мен мүгедектер аудан әкімдігінің алдында шу шығарды.
Сарыағаш ауданында 300-ге жуық I топтағы мүгедек бар. Көпшілігі көзі көрмейді, не өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сондықтан оларға көмекші ауадай қажет. Бірақ Сарыағаштағы көмекшілер бір жылдан бері жалақыға жарымаған. Былтыр 30- 40 мың арасында айлық алып жүргендер биыл 28 мыңды қанағат қылуға мәжбүр.
Нұрбол Ақылбек, әлеуметтік қызметкер:
- Енді оны 358 теңгеге көбейтсек, шыққан соманы 12 айға бөлсек, 87 мың 117 теңгеден тиеді екен. Мен кеше, міне, 28 мың диализ ақшасын алдым. Біз сұраған сегіз сағаттың өзі оған бармайды. Сегіз сағат – 2 мың, 16 сағат болады. Аржағында 904 сағат қалып қалады.
«Айлықтың азайғанына атқамінерлер кінәлі» - дейді жиналғандар. Себебі, аудандық жұмыспен қамту бөлімі көмекшілерге күніне тек төрт сағаттың еңбекақысы төленсін деген ереже енгізіпті. Оны естіген әлеуметтік қызметкерлер мен мүгедектер жұмыспен қамту орталығына барған. Ол жерде: «көзің көрмесе үйіңде отыр», «айлық аз болса, жұмыстан бас тартыңдар» деп, шығарып салған. Сондықтан қамқоршылар жұмыс істеуден жаппай бас тартуда.
Мәлік Найманқұлов, I топтағы мүгедек:
- Иә, бәрі бас тартып жатыр. Айналайын, біз төрт қабырғада қамалып отқан жанбыз. Көзіміз көрмейді. Бізге де қарайтын адам керек. Бізді де дәретханаға, ана жаққа, мына жаққа апару керек. Өздігімізден бара алмаймыз ғой еш жаққа. Бұл жерде бізге жеке көмекшінің мүддесі болмай тұр. Олар айлығы аз дейді. Өйткені олардың да бала-шағасы бар.
Аудандық шенеуніктер жеке көмекшілердің күніне төрт сағаттан артық жұмыс істеп жатқанына сенбейді. Олар: «Артық жұмыс істегенін дәлелдесін» деп, міз бақпай отыр.
Жасұлан Әбдімәлік, Сарыағаш ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:
- Ақша төрт сағаттан артық болса, ол әлеуметтік қамту мекемесінде көрсетілсін. Мен қоғамдық бірлестікке де айттым. Егер расында да алты сағат қызмет көрсетеміз десе, соны қойып беретін болса, біз төлеп береміз.
- Сен соны қойдырып жатқан жоқсың ғой.
- Мен ешкімге айтқан жоқпын.
Жауапты мамандарға ауыз аштырмаған мүгедектер мен көмекшілер Сарығашта мәселені шешетін шенеунік жоқ дейді. Сондықтан бұған облыс әкімдігі араласса деп отыр. Ал жұмыспен қамту бөлімінің мамандары мүгедектерді сабырға шақырып, әкімдік алдынан жеке «Мерседестеріне» мінгізіп, әкетіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!