Мектеп директорының мұғалімді жұмысқа алу өкілеті жойылды
Мұғалімдер жұмысқа жаңаша қабылданатын болды. Бұрын педагогтерді қызметке алу туралы шешімді тек мектеп директоры немесе балабақша меңгерушісі шығарса, енді олардың өкілеттігі жойылады. Енді мұғалім конкурстық іріктеуден өткізіледі.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.03.2021
Өзгерістерді сенаторлар мақұлдады. Түзетуді білім министрлігінің өзі де күткен секілді. Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жұмысқа қабылдаудың жаңашылдығын жіліктеп түсіндіріп берді. Шенеунік бұрынғы жүйе парақорлыққа жағдай туғызғанын мойындаған. Енді мұғалімдердің бос орынға орналасуын мектеп директоры емес, көпшілік шешеді. Өзгерістер тек педагогтерді емес, басшыларды да айналып өтпеді. Мектепті басқаратындардың өзі ротацияға ұшырайды – директорлар енді бір орында жылдар бойы отыра алмайды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылығы да бар, кемшілігі де көрініс тауып жатады. Жалпы, басшыларды орындарымен ауыстыру үздік тәжірибені басқа да ұйымдарға енгізуге ықпал етеді. Әрине, бұл тұрғыда ротациялаудың нақты тәртібі бекітіледі. Ротацияны министрлік әзірлеген қағидалар бойынша білім басқармалары жүргізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!