{metadescription}
Ауа райы: Бірқатар өңірінде көлік қатынасы қиындады
Ауа райы: Бірқатар өңірінде көлік қатынасы қиындады

Ауа райы: Бірқатар өңірінде көлік қатынасы қиындады

Еліміздің бірқатар өңірінде ақтүтек боранның кесірінен қатынас қиындады. Әсіресе Ақмола облысында жолдар жаппай жабылған. Бұл аймақта күртік қардан  ауыл арасында жүріп-тұру мүмкін болмай жатыр. Ал Ақтөбеде боранның өзі тұрғындарды әбігерге салып отыр. Неше күннен бері толассыз жауған қарды коммуналдық қызмет тазалап  үлгермей жатыр. Өйткені әкімдік көше мен ауланы қардан аршып, мұз оюға тендер жарияламаған.

Ақмола облысында ауыл арасында қатынас үзілген. Күртік қар басқан елдімекендерге жету қиямет-қайым. Онымен қоса ақтүтек боран да басылмай тұр. Алай-дүлей түтеген бораннан түк көрінбей, республикалық жолдардың біраз бөлігі жабылды. Көкшетау мен Атбасар, Жақсы Есілден Бұзылыққа дейін, Щучье мен Зеренді арасына қатынас тоқтады. Күндіз сынап бағанасы көтерілгенімен, түндегі аяздан жол көк мұзға айналған.    

Қанат Бабаев, Бурабай аудандық ТЖБ бастығы:

- Ауа райының күрт бұзылуына байланысты, боран, көктайғақ болып, жолда жүру қиындағандықтан алыс жолға шықпауды сұраймыз. Республикалық маңызы бар Щучье-Нұр-Сұлтан автожолы таңғы сағат 7-ден бері жабық. Мүмкіндігінше, әзірге теміржол қызметін пайдаланғандарыңыз дұрыс.

Ақтөбеде бәлендей боран болмағанымен, баяу соққан желдің өзі тұрғындарды титықтатқан. Өйткені коммуналдық қызмет жел үрлеген қардан  тротуар тұрмақ, қаланың қақ ортасындағы жолдарды тазартып үлгермеген.

Орталық көшенің бойына үйілген қар адам бойынан асады. Коммуналшылар тек машина жүретін жолды аршыған. Оның өзінде, әдеттегідей қос көлік қатар сыймайды.

Шенеуніктер «қар тоқтаусыз жауып жатыр» деп ақталуда. Сондықтан күні-түні тынбай жұмыс істеп жатыр екен. Ең қызығы, қар тазартатын мердігерлермен әлі шарт жасап үлгермепті. Наурызда күн жылынып, қар ериді деп күтсе керек, тендерді кеше ғана шұғыл жариялаған.

Руслан Есмұханов, Ақтөбе қаласы ТҮКШ, жолаушылар тасымалы мен автокөлік жолдары бөлімінің маманы:

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты бір тазартқан жерді екінші мәрте өтуге, сол себепті техникалар үлгермей жатыр. Шарт бізде алдағы екі-үш күнде мердігер мекемелерге толық беріледі. Қазір жартысына берілді.

Ертең де Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында боран болады. Ақтөбе мен Жамбыл, Қарағанды облыстарында еспе жел тұрып, тұман түседі. Ал Алматы мен Түркістан облыстарында көктайғақ болады деп күтілуде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.