Топырақ астында қалған екі кеншінің жағдайы ауыр – Ақмола облысы
Ақмола облысындағы алтын өндіретін кеніште топырақ опырылып, екі адам үйінді астында қалды. 29 және 30 жастағы кеншілерді 100 метр тереңдіктен өзге жұмысшылар зорға шығарып алды. Қазір екеуінің де жағдайы ауыр.
Автор: Айзат Түрғынбекқызы
04.03.2021
Ақбейіт ауылының маңындағы кеніште апат сағат түнгі үш шамасында болған. Жер қыртысы опырылып түскенде кеніште екі жұмысшы болған. Олар шахтада тазарту жұмыстарын жасап жатқан. Сол жердегі кеншілер үйінді астында қалғандарды жабылып жүріп жер астынан шығарып алған. Түрлі дене жарақатын алған екеуінің де жағдайы ауыр. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, аудан орталығына жеткізу үшін құтқарушыларды шақыртыпты. Төтенше жағдай қызметінің арнайы көлігі аяқ-қолы сынған кеншілерді ауруханаға таңғы сағат алтыда жеткізген. Жамбас сүйегі сынған, аяғы және басқа да дене жарақаты бар науқастар қазір дәрігерлердің бақылауында.
Олег Малюк, Ақмола облысы ТЖД басқарма бастығы:
- Зардап шеккен азаматтардың екеуі де «Айна-Ресурс» серіктестігінің кеншілері. Жолды қар басып қалғандықтан әрі жарақат алған кеншілердің жағдайына байланысты оларды жедел жәрдеммен орталық ауруханаға жеткізуі мүмкін емес еді. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Апаттың орын алу себебін анықтаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!