{metadescription}
Алты мың гектардан астам жерге алма отырғызылады, алайда...
Алты мың гектардан астам жерге алма отырғызылады, алайда...

Алты мың гектардан астам жерге алма отырғызылады, алайда...

Қазақстанда алма өндірісінің көлемі ұлғайып, өңірлердегі бақтардың саны артылады. Осы арқылы алма тапшылығын жоямыз деген ауыл шаруашылығы министрлігі 6 мың гектардан астам жерге бақ салуды көздеп отыр.

Алайда сарапшылар өнім көлемінің артуы түрлі кедергі туғызатынын айтады. Әсіресе алманы сақтайтын қойма мен білікті маман жетіспеуі мүмкін.

Дәмі тіл үйіріп қана қоймай, дастарқанның көркін ашатын алманың жартысына жуығы сырттан әкелінеді. Өйткені базарда саудаланған жемістің 144 мың тоннасы импорттық өнім. Ал елімізде алманы жалпы тұтыну көлемі 344 мың тоннаға жеткен. Сол себепті олқылықтың орнын толтыруға тырысқан шенеуніктер 6 мың гектардан астам жерге бақ отырғызып, елдегі алма тапшылығын жоймақ.

Сапархан Омаров, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жыл сайынғы бақ отырғызу көлемі орта есеппен 2 мың га болады, бұл толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, алмаға деген тапшылықты жойып, 2024 жылы өз-өзімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа бастаманы іске асыруға климаты ыңғайлы Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы таңдап алынған. Алайда мамандар бақ пен бағбанның көбеюі өнім көлемін ұлғайтса да, түрлі кедергілер кезігеді дейді.

Профессор Гүлфаридат Аманқызының айтуынша, елімізде алманы ұзақ мерзімге сақтайтын арнайы қойма жетіспейді. Соның кесірінен мол өнім алған бағбандар шығынға батады деген ол, бақтардың саны артса, білікті мамандарға да зәру боламыз дейді.

Гүлфаридат Кампитова, профессор:

Көптеген мәселелердің бәрін тек агроном шешу керек. Агроном күнделікті баққа барып, ол жердегі өнімнің қалай өсіп жатқанын, дамып жатқанын бақылап отыру қажет. Барлық осы саламен айналысатын бақтарда осындай мамандар бар. Бірақ олардың білімі жеткілікті емес.

Үш жылдан соң алма тапшылығын жоямыз деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, қолда барды ұқсата алмай жатқан жайттар жетерлік. Алматылық Дина Байғабылова екі жылдан бері бағындағы 200 түп алманы тамырымен қопарып кеткендерді жауапқа тарта алмай жүр. Құнарлы қара топырақты тасып әкектен жерді қайта қалпына келтіруге бақандай 30 жыл керек екен.

17 қазан, 2019 жыл:

- Апорт пен кандиль алмасының ағашын кесіп, қара топырақты машинамен тасығандарды көршілерім сырттай көріпті. Табиғат қаскөйлері тезірек анықталып, қылмыстық жазаға тартылса деймін. Бұл жер біздің отбасымыздың басты байлығы еді.

Ең сорақысы, тәртіп сақшылары кінәлілерді тапқанымен, табиғатқа қастық  жасағандар сол күйі жауаптан сытылып кеткен. Ал соңғы кездері Алатау бөктерінде алма бағын аяусыз отаған жағдайлар азаятын емес. Мамандар алма өндірісін дамыту бағытында «екі шоқып, бір қарау» қажеттігін ескертеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде