Мектеп директоры мен ұстаздар арасында айқас – Атырау облысы
Берекесі қашқан білім ошағы. Атырау облысындағы мектеп мұғалімдері жаңадан тағайындалған директорға қарсы шықты. «Бұрын-соңды таныс-білістігіміз жоқ адаммен бір ұжымда жұмыс істеуге қарсымыз» - дейді. Өйткені жаңа басшыны білім бөлімі ешкіммен ақылдаспай алып келді деп отыр.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
05.03.2021
Сондықтан қызметіне енді кіріскен директорды орнынан алып тастауды талап етуде. Жаңа басшысын табалаған ұстаздардың базынасын тілшіміз тыңдап қайтты.
Құлсары қаласының іргесіндегі Жаңа Қаратон кентіндегі №22 мектептің ұжымынан береке қашты. Ұстаздар қауымы жаңа директормен жұмыс істеуге қарсы. «Өйткені басшымыз бұл орынға заңсыз тағайындалды», - дейді. Яғни директор таңдауда білім бөлімі қамқоршылық кеңесінің пікіріне құлақ аспаған. Сондықтан ұстаздар қауымы бұрын-соңды танымайтын басшымен бір жерде жұмыс істемейміз деп тулап отыр.
Гүлжазира Сағынова, мұғалім:
- Біз ол кісінің кім екенін білмейміз. Қазір сырттан әкеліп таныстырып тұр. Біз оған қарсымыз! Ата-аналарымыздан естіп жатырмыз. Екеуінде де қателік, көп ата-ана қарсы болған. Десек те, аудан басшысы осының барлығын жоққа шығарып, мектеп басшысын сайлап отыр.
Ал жаңа директор ұжымның өзіне қарсы екенін білмейтін болып шықты. «Мен заңды түрде сайландым» деген сөзден басқа жарытып ештеңе айта алмады.
Райгүл Кенжеғалиева, №22 мектептің директоры:
- Не себепті ұжым қарсы екенін білмеймін. Олар мені әлі танып та білген жоқ, былай қарағанда. Конкурс негізінде өтіп, таза, осы жерге келдім.
Жылыой аудандық білім бөлімі №22 мектептің басшысы болуға бір ғана адамнан өтініш түсті дейді. Сондықтан ешқандай талас-тартыссыз жалғыз үміткерді мектеп директорлығына тағайындапты.
Айбарша Қақпанбаева, Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Кенжағалиева Нұргүл Алдановна былтыр 2020 жылдың 27 наурызында тесттен өтіп келген. Одан бері қарай ешбірі тесттен өтіп, бұл мектепке кандидат болып тұрған адам жоқ бұл күнде.
Берекесі қашқан білім ошағында былық көп дейді ұстаздар. Мәселен, мұғалімдердің зейнетақы қорына осы күнге дейін жарна аударылмапты. Яғни бұрынғы бас бухгалтер 72 қызметкердің айлығын таран-таражға салған.
Айман Лұқпанова, мұғалім:
- Мен есепшіден сұрағадым. 50 мың деген қомақты ақша! Неге сен ұстап отырсың, заңды түрде дәлелін бер дегенде: «бас есепші айтты, ұста деп, мен ұстап жатырмын» деді. Қазір мен оны ділелдей алмаймын. Жұмыста бухгалтер жоқ. Оның үстінен іс қозғалды
Бұл мектептің бір жылдан бері басшысыз бетімен кеткені көрініп тұр. Іші-сырты күрделі жөндеуді талап етеді. Маңдайшасындағы көк тудың да әбден тозығы шыққан. Ал директор мен ұстаздар арасындаға айқас жығылғанның үстіне жұдырық болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!