Алаяқтар: Ақтауда бір топ адам қомақты қаржысынан айырылды
Абайлаңыз, алаяқтар! Ақтауда бір топ адам телефон алаяқтарына алданып, қомақты қаржысынан қағылды. Өзін банк өкілімін деп таныстырған әккілер құпия деректерді қолға түсіріп, тұрғындардың атына несие рәсімдеп алған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
05.03.2021
Алданып қалғанын енді түсінгендер полицияға арыз жазып, сан соқтырып кеткен айлакерлердің жазалануын талап етуде.
Тамара Халилова осыдан екі апта бұрын алаяқтарға алданып, қомақты қаржысынан қағылды. Өзін банктің қауіпсіздік қызметінен деп таныстырған айлакер Тамараға «біреу сіздің атыңыздан 20 мың теңге ақша шешпекші, соның алдын алу керек», деп телефонындағы қосымшасының паролін ауыстыртқан. Құпия код қолына тиген соң, жинағындағы 500 мың теңгесін алып, кейін атына 1 млн теңге несие рәсімдепті. Қомақты қаржы қауіпсіздік мақсатында басқа шотта тұру керек деп, өзге біреудің атына аударып алған.
Тамара Халилова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Мен жайлы ақпараттың бәрін біліп отыр. Аты-жөнімді, туған жылымды, тіпті ескі картаңызды жақында жаңасына ауыстырыпсыз деді. Алаяқтық туралы түрлі заңды айтты. Шынымен банк қызметкері шығар деп сендім. Банкке барсам, маған кім хабарласқанын білмейміз деді.
Роман Халилов, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Сол күні бірден 102-ге хабарласып, жағдайды айттық. Өтініш жаздық. Төрт күн полицияны айналшықтап жүрдік. Бесінші күн дегенде іспен кім айналысып жатқанын айтты. Банкке барып алаяқты тапқанша, кредитті тоқтата тұруын сұрадық. Олар келіспеді.
Ақтауда алаяқтардың кесірінен сан соғып қалып, ақшасынан қағылғандар өте көп. Тамара мен Роман өздері сияқты алданып қалған тағы 10-ға жуық жәбірленушіні тапқан. Бірақ олардың тек үшеуі ғана полицияға шағым түсіріпті.
Әнуар Сүлейменов, Ақтау қаласы ПБ тергеу бөлімінің тергеушісі:
- Қаскүнемдердің банк қызметкері ретінде қылмыс жасағаны анықталды. Нәтижесінде жәбірленушілерге үш миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілді. Аталған фактімен ҚР ҚК 190-бабы, 3бөлігінің 1-тармағы, «ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Ал банк қызметкерлері бөтен адамға құпия деректерді мүлде айтуға болмайды дейді. Өзіңізге ғана мәлім пароль мен карточка нөмірін менеджерлерге де бермеңіз. Ал күмәнді қоңыраулар түссе, бірден сөйлесуді тоқтатыңыз деп кеңес береді банк қызметкерлері.
Айгүл Сисембаева, банк қызметкері:
- «CVI» код немесе банк карточкасының нөмірін ешкімге беруге міндетті емессіздер. Егерсізге басқа да банк қызметі туралы ақпарат болса, колл-орталыққа хабарласыңыз. Кейбір алаяқтар телефон соғып, шотыңыздағы ақшаңызды шешіп алайын деп жатыр. Қосымшаңыздың нөмірін, кодын айтыңыз деп сұраған жағдайда бермеу керексіз.
Алаяқтардың арбауына түсіп бар қаржысын өз қолымен берген азаматтар енді банкті сотқа бермекші. Өйткені жәбірленушілер, бөтен біреудің рәсімдеп алған несиесін төлеуге жағдайымыз жоқ деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!