{metadescription}
Бадам өзенінде балық қырылып жатыр – Шымкент
Бадам өзенінде балық қырылып жатыр – Шымкент

Бадам өзенінде балық қырылып жатыр – Шымкент

Шымкентегі Бадам өзенінде балық жаппай қырылып жатыр. Екі күннен бері жалғасып жатқан құбылысты түсіндіріп беретін маман жоқ. Сынамасын енді зертханаға жіберген мамандар өзен бойын орналасқан зауыттар зиянды заттарды суға ағызғаннан болуы мүмкін дейді. Мұндай жорамалды балықшылар мен тұрғындар да айтып отыр.

- 2021 жылдың 8-наурызы. Бадам өзені. Көріп тұрғандай, балықты улаған. Су уланған. Бүкіл балық су бетінде қалқып жүр.  

Бадамдағы балықтардың жаппай қырылып жатқаны жайлы алғаш болып балықшылар дабыл қақты. Олардың айтуынша, өзен суының түсі лезде өзгеріп, тұнығы лайланып кеткен. Шымкенттік балықшылардың сүйікті жағалауында бүгін ешкім жоқ. Тіпті өлексеге құмар жануарлар да көрінбейді.

Әдетте Бадам өзенінің бойына таң ата шоғырланатын балықшылар мен құстар бүгін мүлдем көрінбейді. Әуесқой балықшылар жағаға шығып жатқан өлі балықтан шошыса, әдетте оңай олжаға құмар құстар жағаға шығып қалған шабаққа жоламайды.

Бадам бойында тұратын жұрт кешеден бері жағымсыз иіс пайда болғанын айтады. Тұрғындар иіс өзен бойындағы зауыттардан келіп жатқанына сенімді. Бадам балықсыз қала ма деп алаңдайды.

Самат Құдайбергенов, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мүңкіген қышқылтым иіс. Иісін байқап тұрған шығарсыздар. Мұндай болмайтын. Он жылдай бұрын болған осындай жағдай. Бес жылдай сосын балық жөнді болмады. Көбейгені осы еді, қайта қайталанды.   

Қырылып жатқан шабақтарға құр қарап отыра беруге болмас деген тұрғындар кешелі бері балық құтқарумен әлек. Қолына тор ұстаған балалар мен ересектер тобы кешелі бері жыбырлаған көкбас балықтарды таза суға жіберіп жатыр.

Таудан бастау алатын Бадам өзені Шымкентке жеткенше лайланып кетеді. Және өлі балықтың барлығы сол жоғарыдан келіп жатыр. Ал Бадамның тура іргесінде бір өзеннің арнасында ағып жатқан тұнық су Бадамға қатысы жоқ. Бұл бұлақ суы. Қазір жергілікті тұрғындар тірі, шалажансар балықты осы бұлақ суына әкеп жатыр.  

Ауыл шаруашылық мамандары сынама алуға енді жетті. Өлісі бар, шалажансары мен тірісі бар 20-ға жуық шабақты алған маман да  балықтың қырылуына өзен бойында орналасқан өндіріс орындарының әсері барына сенімді.

Мылтықбай Қалыбай, ауыл шаруашылық бөлімінің маманы:

Мұның болып жатқаны, біреу қоқыс тастап, улы зат тастаса да болады. Зауыттардың әсерінен. Шыққан қалдықты тастаса да болады. Табиғатқа зиян. Балықтың осылай қырылып жатқанын бірінші рет көріп тұрмын.  

Сынама қортындысы бір аптадан соң ғана шығады. Оған дейін себебін тауып, салдарын жоймаса, 140 шақырымға созылып жатқан Бадам тағы бірнеше жылға балықсыз қалуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде