Қорамда үш жасар қызды қағып өлтірген күдікті іздестірілуде – Алматы облысы
Қорам ауылында үш жасар қыздың өліміне себеп болған күдікті 10 айдан бері табылмай жатыр. Кішкентай Мөлдірдің ажалы жол апатынан болғанын сараптама қорытындысы көрсеткен. Бүлдіршінді көлікпен қаққан қаскөй оны қансыраған күйі қараусыз ғимаратқа тастап кетіпті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
09.03.2021
Ал тұрғындар жабылып іздеп тапқан кезде кеш еді. Қара жамылған ата-ана содан бері істің созбалаңға салынғанына наразы.
Қайғылы оқиға былтыр 1-мамырда болған. Үш жасар Мөлдір кешкі астан соң далаға ойнауға шығыпты. Ал жарты сағаттан кейін ата-ана баланың жоғын байқайды. Бүкіл Қорам батыр ауылы дүрлігіп, қызды іздеуге кіріскен. Бүлдіршін алты сағаттан кейін табылады. Кішкентай қыз бос ғимараттың ішінен түнгі сағат бір жарым шамасында табылған. Оны осында іздеп келген ауыл тұрғындары байқапты. Олардың айтуынша, Мөлдір жердегі тастардың үстінде қансыраған күйі ес-түссіз жатқан.
Тұрғындар қызды дереу ауруханаға жеткізген. Ол бірден жансақтау бөліміне түседі. Ал екі күннен кейін ата-анасының қолына баланың адам көргісіз күйдегі мәйітін беріпті.
Перизат Өтелбаева, марқұмның анасы:
- Ана баланы көрсеңіз, сіз қарай алмайсыз. Сұмдық, миына дейін шығарып жіберген. Қабырғаларын ... танып болмайтын дәрежеде. Өз қызымды өзім танымай қалдым. Ит сияқты қоқысқа лақтырып кетті, қызымды, көрдіңіз бе?!
Мөлдірдің өліміне жол апаты себеп болғанын сараптама көрсеткен. Қара жамылғандар қызды үйдің қасындағы көшеде әлдекім көлігімен таптап, артынша оны өзімен алып кеткен деп болжайды. Өйткені бастапқыда ол ғимаратта қыз болмаған. Тек ауыл әкімі үйлерді тінту туралы бұйрық бергенде, күдікті бүлдіршінді дереу сонда апарып тастаған болса керек.
Қуан Ырыздық, марқұмның әкесі:
- Үй-үйді тексерейік, үй-үйді тінтейік деген кезде, сол кезде барып табылып отыр ғой. 5-10 минуттың аралығында.
Ал баланың өліміне себеп болған адам әлі күнге дейін бостандықта тайраңдап жүр.
Перизат Өтелбаева, марқұмның анасы:
- Көліктен өлген деп шығарды. Міне, осы уақытқа дейін қақпаған есігім қалмады. Бәріне бардым. Тергеушіден тергеуші ауыса береді. Не сонда, баланың өлімі ойын ба?! Бұлар ай сайын, міне, осыған дейін 7-8 тергеуші ауысты. Қызылту несіндегі Медет Аязбаев «Біз күдікті табылмағаннан кейін істі жабамыз» деді.
Қайғыдан қан жұтқан ата-ана іс жылы жабылып қала ма деп күдіктенеді. Ал полицейлер қаскөйді «іздеп жатырмыз» деп сендіріп отыр.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Кешенді медициналық криминалистік сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы дайын болғанда, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады.
Қапыда перзентінен айырылғандар кінәлі тиісті жазасын алса дейді. Өйткені мұндай жағдайдың тағы қайталануынан қорқады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!