{metadescription}
Ақтөбеде өрттен далада қаңғып қалған отбасы әкімдіктен күдерін үзді
Ақтөбеде өрттен далада қаңғып қалған отбасы әкімдіктен күдерін үзді

Ақтөбеде өрттен далада қаңғып қалған отбасы әкімдіктен күдерін үзді

Ақтөбеде өрттің кесірінен бүтін бір отбасы далада қалды. Сегіз адам енді қайдан пана табарын білмей отыр. Сегізін бірдей қабылдай қоюға пәтерін жалға берушілер де келіспейді екен.

Амалы таусылған олар әкімдіктен де көмек сұраған. Алайда жергілікті билік өкілдері «бізден үміт күтпеңдер» деп, табалдырықтан кері қайтарыпты.

Мына жерде перде болған, соған тиді деп жатыр. Өрт ас үйден басталып, ары қарай шарпыған.  

Қас-қағым сәтте отқа оранған баспананың қазір сиқы қалмаған. Бет қаратпаған қызыл жалын үйдің түгін қалдырмаған. Өрттің басталғанын көршілерінен естіп асыға жеткен отбасы сынық зат алып үлгермегенін айтады. Енді боранды күні далада қалған үйелмелі-сүйелмелі сегіз жан қайда барып паналарын білмейді.

Венера Сырынбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Өрт сөндірушілер бізді ішіне жібермеді. Іште балалар, қайным – бәрі жүрді. Үлгергенінше жүгірген, ештеңе қалған жоқ. Бәрі күл болып жанып кеткен. Не киіміміз, не көрпе-жастық, тұрмыстық техникамыз жоқ. Үш күн бойы тәулікке берілетін пәтер жалдап жүрміз.

Ерен Беркенбек, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Қырғын болды, біреудің үйіне барып отыра алмаймыз. Пәтер де қарадық. Бірақ таба алмай жатырмыз. Болса да, бермейді. Анам инсулт алған, екінші топ мүгедегі, дұрыс сөйлей алмайды.

Үй иесінің айтуынша, шаңырағы ортасына түскен баспана қайта қалпына келтіруге жарамайды. Сол себепті ұзақ мерзімге пәтер жалдауға бекініп көрген. Бірақ адам санының көптігін сылтау еткен пәтер иелері бірден бас тартатын көрінеді. Жергілікті әкімдік өкілдері де қиындыққа тап болған отбасымен жүре сөйлесіп, көмек қолын созудан бас тартыпты.

Венера Сырынбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Әкімдікке кеше бардық, орынбасары қабылдады. Бірақ нақты ештеңе айтқан жоқ. «Біз уәде бере алмаймыз, қырғын халық бар, осындай жағдай болып жатыр, бізден үміт күтпеңдер» - деді.  

Өрттің себебін анықтауға кіріскен төтеншеліктер көп жағдайда тұрғындардың өзіне кінә артады. «Соңғы кездері жер үйлердің өртенуі жиілеп кетті» деген мамандар аймақта жыл басынан бері 80-нен астам төтенше оқиға тіркелді дейді. Алайда ешкімнің өз үйіне қасақана от қоймасын айтқан шарасыз отбасы әкімдіктен күдерін үзгенімен, алдағы күннен үміт күтеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде