Еліміздегі ірі тауар өндірушілер азық-түлік бағасын негізсіз өсірген
Үкімет басшысы Асқар Мамин облыс әкімдеріне бағаны бақылауда ұстауды қатаң тапсырды. Өйткені еліміздегі ең ірі тауар өндірушілер өзара сөз байласып, азық-түлік бағасын негізсіз өсірген. Соның кесірінен қант, жұмыртқа, күнбағыс, қарақұмық сынды өнімдердің құны шарықтап кетті.
Автор: Руслан Әбдіхалық
11.03.2021
Енді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі олардың не үшін мұндай қадамға барғанын анықтап, тиісті шара қолдануы тиіс. Базардағы бағаны тілшіміз біліп қайтты.
Еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың көбі қаңтардың басында-ақ қымбаттаған. Бірақ билік өкілдері соған енді зер салып отыр. Айталық, жұмыртқаның бағасы 10 өңірде көтерлген. Әр аймақта әрқалай, 11-22 пайыз аралығында өскен. Мәселен, Көкшетауда бұған дейін жұмыртқаның он данасы 280 теңге болса, қазір 550 теңгеге бір-ақ шарықтапты. Тұрғындар қанша қымбат болса да, амалсыз сатып алуға мәжбүрміз дейді.
Александр Тетеря, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Өте қымбат. Әсіресе зейнеткерлерге. Арзандатса ғой,аздап болсын. Меніңше, өнім шығарушы емес, сатушылар өздері баға қосады. Жаңа жылда қымбаттап еді, амалсыздан сатып аламыз. Мен өзім бір теңге болсын, арзанын іздеп жүремін.
Тараздағы ең ірі Ауыл-Береке базары. Осы жерден тұрғындар тауарды көтерме бағамен сатып алады. Мұнда 25 келілік қанттың бір қабы бұған дейін 6500 теңге болса, енді 7200 теңгеден саудаланып жатыр. Сатушылар бар кінәні тасымалдаушыларға артуда. Сөздерінше, өнім онсыз да жоғары бағамен келеді екен. Өздері тек үстіне болмашы ақша қосамыз дейді.
- Сізге қаншадан келеді, сіз қанша қосасыз?
- Айтып отырмын ғой, 5 мыңнан келсе де, 7 мыңнан келсе де, үстінде қалатыны бізге 100 теңге.
- Бұны неге қымбаттатып жатыр, білмейсіз бе?
- Бізге айтпайды,бізбен ақылдаспайды ғой.
Жамбыл облысында екі бірдей ірі қант зауыты бар. Бірақ соған қарамастан шекердің бағасы аспандап тұр. Билік өкілдері оның мәнісін былай деп түсіндіреді: Меркі қант зауыты маусымның аяқталауына байланысты жұмысын тоқтатқан. Ал Тараздағы кәсіпорын Бразилиядан әкелінетін шикізатқа тәуелді. Сол импорттық тауардың қымбаттауынан біздегі қант бағасы өскен.
Ақтауда картоп пен сәбіздің құны 6 пайызға өскен. Мұнайлы өлкеде әлеуметтік азық-түліктің бағасы өзге өңірлерге қарағанда жоғары. Себебі, тамақтың 80 пайызы сырттан тасымалданады. Сондықтан кей саудагерлер ойына келген бағаны сөреге ілетін көрінеді. Жергілікті билік мұнымен күресіп, бағаны бақылауда ұстауға тырысатынын айтты.
Әли Сәрсенов, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы:
- Маңғыстау облысында ұн мен сүт өнімдері ғана шығарылады. Қалған азық-түлік түрі өзге өңірлерден, көрші елдерден тасымалданады. Біз бағаны бақылауда ұстауға тырысамыз. Мәселен, былтыр азық-түлікті негізсіз көтерген 14 факті анықталды. Төрт сауда орнының әрқайсысына 500 мың теңге айыппұл салынды.
Күнбағыс майының да құны көтерілді. Мәселен, Семейде оның бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Зауыт басшылары бұл жағдайды шет елден келетін шикізат тапшылығымен түсіндірді. Өндіріс өкілдері тығырықтан шығу үшін, өз өнімімізді қорғауымыз керек дейді. Өйткені бізде өсетін күнбағыс негізінен Қытай мен Өзбекстанға сатылып жатыр екен. Сондықтан экспорттық шикізатқа салынатын баж салығын көбейтуді ұсынуда.
Татьяна Костина, Зауыттың қаржы директоры:
- Май қымбаттаса, бірден қадағалауға алады. Ал неге шикізатты қадағаламайды? Шекілдеуік бір жылдаң ішінде екі жарым есеге өсті. Негізі мемлекет өз нарығы мен шикізатын қорғауы керек. Ал біз майдың бағасын өткен жылдың қараша айында ғана көтердік.
Атырауда ет қымбаттаған. Сатушылар оның себебін ауа райының қолайсыздығынан деп түсіндірді. Өткен аптада еліміздің барлық өңірінде болған ақтүтек боранның кесірінен базарға сырттан ет жеткізілмей қалыпты. Ал Беларусь елінен келетін ет екі есе арзан. Алайда консерванттар қосып мұздатқышта айлап сақталатын өнімді тұрғындар сатып алуға қорқады.
Қарлыға Жұмалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Бір жерлерде 3 мыңнан беріп жатыр. Бір жерде 2 800-ден. 2 900 теңгеге түсіріп берем дейді. Оны біз қалай аламыз? Біздің де зжалақымыз 60 мың! Ондай айлыққа қалай аламыз? Ет жемейміз бе?!
Бәсекелестікті қорғау агенттігі қымбатшылық әбден қысқанда ғана қозғала бастағандай. Олар бағаға қатысты бірқатар заңсыздықты анықтапты. Яғни еліміздегі жұмыртқа өндіретін 13 фабрика, 7 сұйықмай шығаратын зауыт және қарақұмық пен қант тасымалдайтын бес фирма өзара ымыраласып, бағаны қолдан көтерген. Енді тауардың құнын қайта төмендету үшін оларға ескерту жасалып отыр.
Асқар Мәмин, ҚР Премьер- министрі:
- Бұл Үкімет пен әкімдіктердің қосымша шара қабылдауын талап етеді. Бәсекелестікті қорғау агенттігі әрбір тауар позициясы бойынша баға белгілеу тізбегін мұқият зерттеп, нарықтың ірі қатысушылары арасында өзара келісуге жол бермеу үшін монополияға қарсы шаралар қабылдансын.
Аталған кәсіпкерлерге бір ай уақыт берілді. Егер осы уақыт аралығында көтерілген тауарлар құны төмендетілмесе, тексеру басталады. Ал Үкімет басшысы Ссуда және ауылшаруашылығы министрлігі, сондай-ақ облыс басшыларына да әлеуемтік тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!