Атырауда орталық базар маңында жабайы сауда қызып тұр
«Жайма базар жабылсын!». Атыраудағы орталық базар маңында жабайы сауда қызып тұр. Олардың заңсыз бизнесіне полиция мен әкімдік өкілдері жағдай жасап отыр дейді саудагерлер. Өйткені екі жылдан бері тоқтаусыз жазылған арыз-шағымға ешқандай жауап жоқ. Алыпсатарлар көгерген көкеніс пен сапасыз тауар сатуды тоқтатар емес.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
12.03.2021
- Тұрмасын мына жерге. Орынақы төлемейді. Санитарлық кітапшасы жоқ. Еш патенті жоқ.
Орталық базардың саудагерлері дәл жол бойындағы көкөніс пен жеміс-жидек сататындардан әбден зәрезап болдық дейді. Жабайы сауданың көрігін қыздырғандарды айтып талай шағым жазған. Алайда құзырлы орындардан қайыр болмаған соң, заңсыз кәсіпкерлерді өздері қуып әлек.
Нұрзия Зайытова, саудагер:
- Біз орын ақымызды төлейміз. Санэпидемия мамандары қарап жатқан жоқ. Милиция мында жерде тұр. «Иә, қазір кетедіә - дейді. Бірақ өздері «жиналыңдар» деп, алдын ала хабарлап қояды. Сосын жиналып кетіп қалады.
Базардағы саудагерлердің шамына тиетіні бір-ақ нәрсе – көшедегі көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы екі есе арзан. Сондықтан халық осы жерге ағылады екен. Алайда сапасы сын көтермейді, санитарлық талап сақталмаған. Наразы саудагерлер мұндағылардың бәрі тәртіп сақшыларының аузын ақшамен жауып отыр дейді.
Ирина Ташкенова, саудагер:
- Карантин кезінде базар беске дейін істеді. Сол кезде құлпынай сатуға осы жерге әдейі шықтым. Полицейлер «бұл жерге тұрмайсың» деді. Сонда өзгелерге рұқсат, ал жергілікті саудагерлерге болмай ма?! Мен білсем, бұл жердегілер оларға жеміс-жидек, ақша беріп алдап, келісіп алған.
Көлеңкелі бизнестің көрігін қыздырған саудагерлер сұхбат беруден бас тартты. Олардың заттарын жинастырып жүрген жігіттер басқаша ақталды.
- Біз малға азық алып жатырмыз, ауыл шаруашылығына!
- Сонда сол «азықтың» сыртына баға қойып қоясыңдар ма, а?!
Тәртіп сақшылары базар маңын күндіз-түні торып, жабайы сауда істейтіндерді аңдып жүру мүмкін емес дейді. Оларға айыппұл салып, әкімшілік жауапқа тартсақ та, бірнеше күннен соң орнына қайта жайғасып алады деп ақталды.
Андрей Чекаров, №2 қала полиция бөлімінің басшысы:
- Қазір пост қойдық. Әкімдікпен бірігіп тексеру шарасы жиі өткізіледі. Жыл басынан бері екі рет бірнеше заңсыз тауар тәркіледік. Енді бәрін қатаң бақылауға аламыз.
Айналдырған 20 минуттің ішінде заңсыз сауда жасап тұрғандар заттарын жинап қашып кетті. Ал санитарлық эпидемиологиялық бөлім басқармасына мән-жайды баяндап хабарласқанымызда, «бізге арыз-шағым түспесе, бұл жерді бақылауға алуға ешқандай құқымыз жоқ» деп кесіп айтты. Ал заңды белшесінен басқан саудагерлер шіріген алма мен бүлінген банан сатуды тоқтатпай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!