Ақтөбеде «Спик-Аккорд» жұмысшыларына екі жыл бойы көк тиын төлемеген
Ақтөбеде екі жылдан бері жалақы даулап жүрген жұмысшылар облыс әкімдігінің алдында шу шығарды. Олар шенеуніктерден тендерді ұтып алған әзірбайжандық компаниядан еңбекақысын өндіріп беруді сұрайды.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.03.2021
Ақтөбе мен Атырау арасына тас төсеуге жауапты болған шетелдік мекеме жұмысқа жергілікті тұрғындардың техникасын жалдаған. Кейін бір тиын да төлемей қойыпты.
Ақтөбенің Атырау облысымен шектелген жолын салуға әзірбайжандық «Спик-Аккорд» компаниясы осыдан төрт жыл бұрын тендер ұтып алған. Өздерінде сынық арбасы да болмаған соң, жергілікті тұрғындардың техникасын жалдап жұмысқа тартады. Алғашқы жылдары ақшаны уақтылы төлеп тұрғанымен, соңғы екі жыл бойы көк тиын ұстатпай қойыпты. Шыдамы таусылған жұмысшылар қайда арызданарын білмей сабылып жүр.
Қайрат Шәуметиев, жұмысшы:
- Құл сияқты жұмыс істедік. Сол еңбегімізді бермей тұр ғой, ақ, адал еңбегімізді. Келісімшартқа отырдық, бәрі бар. Келесі аптада, айда деп, міне, екі жыл болды. Енді кімге айтарымызды білмейміз.
Еркін Есқазиев, жеке кәсіпкер:
- Артымызда жұмысшыларымыз бар, техника айдаған. Адамдармен жасалады ғой. Солардың 5-6 миллион қаражатын, еңбекақысын бере алмай отырмыз. Жағдай ушығып тұр.
Қарызға батқан «Спик-Аккорд» компаниясының жайын шенеуніктер жақсы біледі. Қазір олардың қарызы бір миллиард теңгеден асып кеткен. Ол тек жалға алған техника мен жұмысшылар ақысынан бөлек, сатып алған құрылыс материалдарына да ақша төлемепті.
Нұржауған Қалауов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Облыс басшысы тарапынан министрлікке, өз тарапымнан комитеттің басшысына мәселені тездетіп шешуге өтініш хат жолдап, әңгіме жүргізгенбіз. Себебі, ол компания жұмысын тоқтатқан жоқ. Биыл тағы жұмыс алып жатыр.
Жол саласына жауапты мекеме басшылары әзірбайжандық компаниямен соттасудан түк пайда таппайтынын айтып отыр. Өйткені шетелдіктерден өндіретіндей еш мүлік жоқ екен. Ал Ноғайты мен Қарауылкелді арасындағы жолды биыл бітіретін болса, мердігер соның ақшасымен қарызды жабуға уәде еткен.
Марат Махамбетов, «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақтөбе облысы филиалының директоры:
- Олармен соттасса да, алатын зат жоқ. Енді қазіргі жағдайда «Спик-Аккорд» осы жұмысты бітіреміз деп міндеттеме алып отыр. Менің ойымша, «Спик-Аккордты» осы жұмысты өзі бітіретін болса, онда қарыздары төленеді деп санайды.
«Спик-Аккорд» компаниясы жол құрылысын былтыр бітіруге тиіс болған. Қаржылық қиындыққа байланысты оны биылға ауыстырыпты. Мемлекет тарапынан оларға еш берешек жоқ дейді шенеуніктер. Тек қалған жұмыстарының жиырма пайызын өтеп, қарыздарынан құтылуға мүмкіндік жасамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!