Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы жаңалықтары
Тамыз айында ҰБТ тапсыру алынып тасталады. Оның орнына талапкерлер жазғы үш ай бойында екі рет тапсыруға мүмкіндік алды. ҰБТ-ның биылдан бастап электронды үлгіге ауысуына байланысты осындай жаңалық енгізіліп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.03.2021
Талапкер тестті қалаған уақытында тапсырса болады. Қай тапсырғанының нәтижесі жоғары болса, оқуға түсуге сол қолданылады. Ұлттық тестілеу орталығы мұны бітірушілер қобалжымас үшін жасалып отыр екен. Әрі бір рет жолы болмаса, екінші рет тапсыратын мүмкіндік беріп, өзіне деген сенімділігін нығайту үшін қажет дейді.
«Электронды үлгі» дегені онлайн тапсырады деген сөз емес. Бұрынғысынан айырмашылығы – тест жауаптарын қағазға емес, компьютер арқылы белгілейді. Тағы бір ерекшелігі – ҰБТ тапсыру белгілі бір күнге бекітілмейді. Түлектер оны үш ай ішінде, қалаған уақытында барып тапсыра алады.
Дидар Смағұлов, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
- Қашықтан оқу оқушылардың ҰБТ-ға дайындығына кері әсер етті деп ойлаймыз. Бәрі қобалжып жүр. Биылғы жағдайлар бәрін әуреге салғаны анық. Сондықтан екі мәрте мүмкіндік берген дұрыс деп таптық. Екеуі де тегін өтеді.
Электронды түрде тапсыру наурыздың 10-нан басталған еді. Жаңашылдықты алғаш көріп жатса да, елордалық талапкерлердің көңілінде қобалжу аз.
Әлімжан Сейілханов, талапкер:
- Бірінші қаңтарда тапсырдым. Ол жерде қолмен жаздық. Наурызда компьютермен тапсырып жатырмыз. Компьютермен көрейін деп, өзімді сынап көрейін деп келгем.Сәуір, маусымда болады, соған да дайындық ретінде келіп тапсырайын дедім.
Осындай тестілеу қазір өңір-өңірде өтіп жатыр. Электронды тестілеуде бағын сынап көріп жатқандардың көбі әлі мектеп бітірмегендер. Яғни алдағы ҰБТ-ға іштей психологиялық дайындығын пысықтап жүргендер. Оралдық Абзал да солардың қатарынан.
Абзал Жаппасов, оқушы:
- Ақылы ҰБТ тапсыруға келдім. Дүниежүзі тарихы мен құқық пәнін таңдағам. Қазір тәжірибе жинау үшін тапсырып жатырмын. Жақын арада қайта тапсырып көрмекшімін. Тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік деп санаймын.
ҰБТ тапсыруға арнайы компьютерлер беріледі. Оған өзімен бірге электронды тасымалдағыштар алып кіру де опа әпермейді. Өйткені компьютерлерде ондай құрылғыларды тығатын орны болмайды. Логин, паролін біреуге алып берсе де, оған сырттан кіру мүмкін емес. Электронды ҰБТ-ны ерекшеліктерін тізген тестілеу орталығының директоры қағаз тестілеуден кезінде өзі де опық жегенін жасырмады.
Дидар Смағұлов, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
- Қағазбен тест тапсыру жүйесінен өзім де өткенмін. Соңғы таңдау пәнімді толтырып отырғанда қателесіп кеткенмін. Соның кесірінен 3-4 балымды жоғалттым. Абырой болғанда, соған қарамастан грантқа түстім. Бірақ жағдай басқаша болуы да мүмкін еді ғой. Яғни болмашы қателік мыңдаған адамның тағдырына әсер етері сөзсіз.
Тест тапсырушыларды қадағалауға әрбірінің төбесінен бақылау камерасы төніп тұрады. Өз орнына басқа адам кіргізем деу де бекершілік. Өйткені Face-ID құрылғысы арқылы әр талапкердің бет-жүзі мемлекеттік базадан тексеріледі.
Тестілеуді электронды нұсқаға ауыстыру 2019 жылы басталған. Ол кезде мұғалімдер алғаш тапсырып көрді. Былтыр магистранттар осы үлгіге көшті. Биыл кезек мектеп түлектеріне де келді. Дегенмен биыл түлектер екі қайтара тапсырғанымен, мұндай екі мүмкіндік келер жылы сақтала ма, ол жағы белгісіз. Соңғы шешім биылғы ҰБТ-дан кейін қабылданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!