Нұр-Сұлтан мен Алматыда соңғы тәулікте 400-ге жуық адам КВИ жұқтырған
Ауру асқынды! Елімізде кесел кеулеген қос мегаполис қауіптің «қызыл» деңгейінен шыға алмай тұр. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында соңғы тәуліктің өзінде 400-ге жуық адам КВИ жұқтырған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
12.03.2021
Алматыдағы эпидахуал көңіл көншітпейді. Шаһарда кешелі бері 237 адамнан COVID-19 вирусы анықталған. Дерт дендеген соң қала билігі карантин шараларын күшейтті.
Алматыда алдағы демалыс күндері қоғамдық көліктер мен метрополитен жұмысы тоқтайды. Қалада қоғамдық көлік жүрмегендіктен, осы сенбі күні ғана мектеп оқушылары қашықтан оқиды. Екі күн сауда және ойын-сауық орталықтары мен жабық базарлар жұмыс істемейді.
Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Наурыз мерекесін тойлауға, адам көп жиналатын шараларды ұйымдастыруға тыйым салды. Егер бас қалада коронавирус жұқтырғандар күрт көбейсе, шектеу шараларын тағы қатаңдату жоспарланған. Соңғы тәулікте қос індеттен 9 адам ажал құшқан. 889 адам коронавирусқа шалдықса, 65 науқастың қос өкпесі қабынған.
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- Соңғы аптада сырқаттану деңгейі 9,9 пайызға жоғары. 10 мың тұрғынға шаққанда қарқынды көрсеткіш 59,2 пайыз. Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 инфекциясы тұрақсыз деп бағаланады. Тіркелгендер саны күніне 70-тен 143 жағдайға ауытқып отыр. Коронавирус инфекциясы көбеюінің негізгі себебі – тұрғындардың карантин шарасын сақтамауы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!