Алматыда тарихи мұраларды қопарып, топырағын тасып жатыр
Сақ қорғандарына қорған қажет. Алматыда археологтар әлдекімдердің тарихи мұраларды қопарып, топырағын тасып жатқанын айтып дабыл қақты. Олардың сөзінше, аталған аймақта 40 метрге дейін қазу немесе құрылыс жұмысын жүргізуге болмайды. Алайда, тарихтан гөрі қалтаның қамын артық көргендер әлі зерттелмеген қорымдарды қазып тастаған.
Автор: Мақсат Мәлік
15.03.2021
Ең сорақысы, оңай олжа көзіне айналған мекен Наурызбай аудандық әкімдігіне таяқ тастам жерде. Өкінішке қарай, тарихшылар араша сұрамайынша әкімдік өкілдері бірде бір рет иегінің астындағы бассыздықты байқамаған көрінеді. Толығырақ тілшіміз Мақсат Мәлік тарқатады.
Тарихы терең сақ қорғандары қызуы қарқын құрылыс алаңын еске түсіреді. Жер қазатын арнайы техника енді ғана ентігін басып тұрғандай. Ал заң бойынша қорған айналасында 40 метрге дейін қазу немесе құрылыс жұмысын жүргізуге рұқсат жоқ. Бірақ, баға жетпес мұраның астан-кестең күйге түскеніне қынжылған археологтар бұл жердегі 4 қорымның әлі зертелмегенін айтады. Алайда, тархитан гөрі теңгені артық көргендер ештеңені елемеген.
Арнабай Нұржанов, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері:
- Біріншіден, экологияны құртқан. Екіншіден, біздің тарихымыздың куәсі болатын ескерткішті құртқан.Қазір жаңбыр жауған сайын ана тастардың бәрі түсіп, қорғанның жартысы төмен қарай құлайды. Өйткені астын қазып жіберген.
Оңай олжа көздегендер аумағы үлкен әрі терең ор қазып құрылысқа қажетті тас аралас топырақты тасып әкетіп отырған. Тіпті, талай сырды ішіне бүккен мына қорғанға жетіп бір-ақ тоқтапты. Бір қызығы, осы сақ қорғандарынан бар-жоғы 500 метр қашықтықта орналасқан Наурызбай аудандық әкімдігі өкілдерінің іргесіндегі сорақылықты қалай байқамағаны түсініксіз.
Ал әкімдіктегілер қорған басындағы бассыздықты дер кезінде тоқтаттық деп ақталса да топырақ тасығандардың әрекеті қашан басталғанын айта алмады. Тарихты талан-таражға салғандар асығыстық танытқанға ұқсамайды. Өйткені, тереңдігі 20 метрге жуық алаңқайды бір күнде қазып тастау мүмкін емес дейді мамандар. Ұрлығын жасыруға тырысқандар шұңқырдың жартысын қоқысқа толтырып тастаған. Десе де шенеуніктер полиция істі жан-жақты тексеріп жатыр деп сендірді.
Мирас Нысанәлиев, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары:
- Нақты тапсырыс беруші ұйымды анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Ал нақты сол кезде қазу жұмысын жүргізген жеке тұлғаға тиісті әкімшілік шара қолданылды. Жеке тұлға анықталды. Оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сақ қорғандары бар жер телімі жекеменшіктің иелігінде. Келешекте аталған аумақ мемлекет қажеттілігіне кері қайтарылуы мүмкін дейді шенеуніктер. Алайда, археологтардың қорқынышы басым. Тіпті, іргесі қазылған қорғандар қайта қалпына келмейді деген тарихшылар қала әкімінен де күдерін үзген.
Арнабай Нұржанов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері:
- Қаланың әкімі мен мәдіниет бөлімінің бастығына хат жолдадық. Міне, жеті күн уақыт өтті. Не бір хабар жоқ, не бір сұраныс жоқ.
Шенеуніктердің енжарлығына налыған археологтар айран ішкендер құтылып кете ме деген уәжде. Ал әкімдік өкілдері жақын күндері қорған маңында ескертпе белгілер орнатамыз дегеннен әріге аспады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!