Маңғыстау облысында автогаздың бағасы аспандап кетті
Маңғыстау облысында автогаздың бағасы аспандап кетті. Бұрын 50-55 теңгеден сатылған көгілдір отын, енді 15-20 теңгеге қымбаттаған. Тіпті кейбір бекеттер сұйық отынның литрін 90 теңгеден сатқан. Бірақ соның өзін табу мүмкін емес дейді жүргізушілер.
Автор: Айман Нұрмағанбет
15.03.2021
Дүйсенғали Сырлыбаев, тұрғын:
- Осы жерде тұрғанымызға 1 сағаттай болды. Оншақты күн болды осы газдың қымбаттауына байланысты осындай. 60-70 теңге қазір бір заправкада. Қарапайым халықтың қалтасын қағу. Қашанға дейін созылады. Оны бір құдай біледі.
Көлігіне газ құю үшін жүргізушілер сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Себебі облыс көлемінде газ тапшылығы сезілуде. Ал, атқамінерлер газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек, «Атырау мұнай өңдеу» зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарымен байланысты дейді. Себебі, Маңғыстау облысы айына 19 мың тонна сұйық отын пайдаланады екен. Соның 14 500 тоннасы Жаңаөзенен жеткізілсе, қалғаны Атыраудан тасымалданады дейді шенеуніктер.
Бауыржан Ерпан, Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының маманы:
- Негізгі себебі жетпей жатқаны Атырау мұнай өңдеу зауытынан келіп тұратын газдың келмеуінен. Яғни аталған зауыт жөндеу жұмысына тұрғаннан тапшылық байқалып отыр. Бұған қоса сұйытылған газды отын ретінде пайдаланатын көліктердің саны да көбейіп жатыр. 2020 жылдың желтоқсан айында 93 мың көлік болса, 2021 жылдың қаңтар айында 94 мың көлік болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!