Әуе апатынан аман қалған екі әскери қызметкердің жағдайы
Алматыда әуе апатынан қаза тапқан 4 әскери қызметкердің мәйіті бүгін туыстарына берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті марқұмдардың денесін туған жерлеріне ұшақпен жеткізіп беретін болды. Ал апаттан аман қалған екі әскери қызметкердің жағдайы өте ауыр. Олардың өмірі үшін дәрігерлер жанталасып жатыр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
15.03.2021
Шекара қызметінің Ан-26 әскери ұшағы өткен сенбіде Алматы әуежайының ұшып-қону жолағына жете алмай құлаған болатын.
Сап түзеген әскерилер бүгін әуе апатынан опат болған әріптестеріне құрмет көрсетті. Ту төмен түсіріліп, жиналғандар марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кейін мәйіттер ет жақындарына беріліп, жер қойнына тапсыру үшін туған жерлеріне алып кетті. Қызмет бабында қаза тапқандар Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Алматы облыстарының тумалары.
Ал апаттан аман қалған екі азаматтың жағдайы ауыр. Екі күннен бері ешқандай өзгеріс жоқ дейді дәрігерлер. Жансақтау бөлімінде жатқан науқастар қаланың білікті деген дәрігерлері тиісті медициналық көмек көрсетуде.
Дәурен Түсіпов, №4 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі:
- Апаттан келіп түскен екі науқас жансақтау бөлімінде емін жалғастыруда. Жағдайлары ауыр деңгейде. Өткен тәуліктен бері нашарлаусыз. Тұрақты. 00.39 Қосарланған жарақат екі науқаста да. Оның ішінде күйік те бар. Ота жасадық. Қажетті оталар орын алуда уақытымен.
Әуе апаты екі күн бұрын болған. Алғашында апаттан кейінгі кадрлер әлеуметтік желіге лезде таралып кетті. Видеодан жанып жатқан әуе кемесінің қою қара түтіні аспанға жайылғанын байқауға болады.
Нұр-Сұлтан қаласынан көкке көтерілген Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің АН-26 әскери ұшағы Алматы әуежайының ұшып-қону жолағына жете алмай құлап, лезде отқа оранған. Құтқарушылар өртті сөндіргенімен, ұшақ бортындағы 6 әскери қызметкердің төртеуі оқиға орнында жан тапсырған.
Қызмет барысында 34 жастағы Авиация бөлімінің штурманы, майор Ғабит Барлықбаев, 35 жастағы Авиация бөлімінің ұшу тобының борт технигі, капитан Досжан Баймұратов, 26 жастағы Авиация бөлімінің ұшу тобы экипажының штурманы, аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев, 34 жастағы Авиация бөлімінің ұшу тобының аға борт механигі, сержант Евгений Васильков бақилық болды.
Қайғылы жағдайдан кейін бірі баласынан, бірі досынан, бірі әкесінен айырылды. Мәселен, Александр Демченко борт ішінде курстасының болғанын естігенде төбесінен жай түскендей күй кешіпті. Ол марқұм Ғабит Барлықбаевпен Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында бірге оқыған.
Александр Демченко, Ғ. Барлықбаевтың курстасы:
- Өте белсенді курсант болатын. Барлық шараға қатысып, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Оқуда озат, досқа адал жан еді. Алматыға баратын курстастардың барлығын құшақ жая қарсы алатын. Мықты маман болатын. Артында әйелі мен екі баласы қалды. Өкінішті, әрине. Ғабитті біз ешқашан ұмытпаймыз.
Ан-26 әуе кемесі 50 жылдан бері әуе көгінде самғап жүр. Ашық дереккөзіне сүйенсек, осы маркалы ұшақ әлем бойынша 169 рет апатқа ұшырап, мыңнан астам адамның өмірін жалмаған. Қазақстан тарихында Шекара қызметінің осымен екінші ұшағы құлап отыр. Алғашқысы Ан-72 ұшағы 2012 жылдың желтоқсанында Шымкент түбінде апатқа ұшырап, 27 адам қайтыс болғаны ел есінде.
Мамандар құлаған ұшақтың бөлшектерін әлі жинап жатыр. Содан кейін апат болған аумақ толық тексеріліп, күлге айналған бөлшектер Шекара қызметінің әскери базасына жөнелтілмек. Айта кетейік, осыған дейін АН-26-ның қара жәшігі табылып, сараптамаға жіберілген болатын. Соның жазбасы арқылы арнайы құрылған комиссия қайғылы оқиғаның себебін анықтауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!