Аяусыз соққыға жығылған фельдшер ауруханаға түсті – Алматы облысы
Алматы облысында жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі оңбай таяқ жеді. Дәрігерлер кезекті шақыртумен мекенжайға жеткенше, науқас қайтыс болған екен. Марқұмның ұлы жедел жәрдемге кешігіп жеттіңдер деп кінә артыпты. Айқайдың арты төбелеске ұласып, тіпті ашулы жігіт пышақ ала жүгірген. Ал соққыға жығылған жүргізуші қазір ауруханада жатыр.
Автор: Мақсат Мәлік
16.03.2021
Жүргізуші аяусыз соққыға жығылған жанжал кеше кешкі уақытта болған. Шақырумен құстай ұшқан жедел жәрдем қызметкерлері діттеген жерге уақытынан бұрын жеттік дейді. Өкінішке қарай, 58 жастағы науқастан тіршілік белгісін байқамаған дәрігерлер туысқандарына қаралы хабар естіртеді. Сол сәтте «кешігіп келдіңдер» деп балағаттаған марқұмның ұлы қолына пышақ алып, бәрін қуалай жөнелген.
Сандыбек Елекенов, фельдшер:
- Біздің шақыртуға келу уақытымыз 15-17 минут аралығында болу керек. Біз, шамамен ол жерде 13 минутта болдық. Ұлы неге кешігіп келесіңдер деп, жүргізушіме қарай пышақ ала жүгірді. Қайта ол сәтте ол көліктің ішінде болған. Пышақпен келген кезде есікті жауып үлгерді.
Алайда отағасының өліміне сенбеген туысқандары оны ауруханаға жеткізуді талап етеді. Мұндай әрекеттің заңға қайшылығын айтып түсіндіре алмаған дәрігерлер полицияға хабарласуға мүмкіндік тумады дейді. Ақырында жалаңдаған пышақтан қорыққан жедел жәрдем қызметкерлері олардың дегеніне көнген. Бірақ көлікке жете бере, оңтайлы сәтті күткен жуан жұдырықты жігіт сойқанды бастап кетеді.
Сандыбек Елекенов, фельдшер:
- Мәйітті машинаға алуға тура келді. Алып жатқан кезде жүргізуші сырғытқы қоларбаны ұстап тұрған. Салып жатқан кезде ол жүргізушінің бетінен ұрған. Жүргізушінің мұрынынан қан ақты.
Қаралы үйдің қайғысын сезінген дәрігерлер әріптесімізге араша түссек те, артық сөзге келмедік дейді. Алайда ауруханаға жеткенде марқұмның ұлы көлік тізгіндеген азаматты тағы жұдырықтың астына алады. Ауыр соққыдан есеңгіреп тасқа құлаған жедел жәрдем қызметкері ауруханадан бір-ақ шыққан.
Идрисжан Мансамов, травматология бөлімінің меңгерушісі:
- Қабылдау бөліміне түскен сәтте басы мен бетіндегі жарақаты анық көрініп тұрды. Толық тексеруден кейін бас сүйегі зақымданып, мұрны қатты жарақаттанғаны, сондай-ақ миы шайқалғаны анықталды. Қазір жағдайы орташа ауыр деңгейде. Әлі бір апта ауруханада жатуына тура келеді.
Айналдырған бір сағаттың ішінде екі рет оңбай таяқ жеген азамат полицияға шағымданған. Тәртіп сақшылары көлік жүргізушіні жазым ете жаздаған жігіт жазадан құтылмайды дейді.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Күдікті 1987 жылғы Есік қаласының жергілікті тұрғыны анықталды. Қазір ҚР ҚК 107-бабының 1-бөлігі, яғни денсаулыққа қасақана ауыр, орташа зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Алайда кешегі сорақылықтан жедел жәрдем қызметкерлерінің бойын үрей билеген. «Өзгені өлімнен арашалауға барып, өзіміз ажал құшамыз ба» деп қауіптенгендер соңғы уақытта тұрғындар тарапынан қоқан-лоққы тым көбейгенін айтады. Алты айдың ішінде облыс аумағында дәл сондай бес жағдай тіркеліпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!