Ақтөбе облысының әкімдігі көпбалалы анадан кешірім сұрады
Ақтөбе облысының әкімдігі көк тиын құны жоқ құр сертификатпен қарық қылған көпбалалы анадан кешірім сұрады. Екі жастағы баласын әкімдікке ерте келген Айсұлу Күздібаеваға екі миллион теңгенің ешқашан бұйырмайтынын шенеуніктер жабылып түсіндірімек болыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.03.2021
Ол үшін тіпті арнайы брифинг ұйымдастырған. Төрт адам қатысқан кездесу небәрі тоғыз минутқа созылды. Ал әлеуметтік желі арқылы жолданған сұрақтар сол күйі жауапсыз қалды. Бес баласымен жатақхананың аядай бөлмесін паналаған ананы баспанамен де қамти алмаймыз деп отыр әкімдіктегілер.
Алғыс айту күні табысталған екі миллион теңгенің сертификаты еріктілер атқарған жөндеу жұмыстарының құны екен. Қайырымды жандардың жинаған ақшасын өзіне меншіктеуге не түрткі болғанын бүгінде ашып түсіндіріп бере алмады. Тек өздерінен қате кеткенін мойындап отыр.
Мейрамбек Шермағанбет, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Бұл жерде бізден кемшілік кеткен. Кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта да бұл мәселе нақты шараларда түсіндіріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!