Жүргізуші: Көлік астына әжесі мен немересі әдейі түсті
Жол апаты емес – суицид. Алматыда әжесі мен немересін қаққан жүк көлігінің жүргізуші олардың көлік дөңгелегінің астына өздері әдейі түскенін айтып отыр. Зардап шеккендердің екеуі де қазір ауыр халде ауруханада жатыр. Жанын шүберекке түйген жақындары олардың өз қалауымен өмірмен қоштасуы мүмкін емес дейді.
Автор: Салтанат Шырынхан
17.03.2021
Светлана Сумелиди:
- Анам ешқашан ондай әрекетке бармайды. Өзі көліктің астына түссе де, кішкентай немересін өлімге итермелейтін жан емес. Ол уақытта қызымды ауданымыздағы гимнастикадан дайындыққа алып кеткен болатын. Бұл жүргізушінің өзін қорғау үшін ғана айтып отырған сөздері. Әйтпесе шешем қанша жыл медицина саласында қызмет етіп, адамдарға көмектескенді жақсы көрді. Жоспары да көп еді.
Оқиға дүйсенбі күнгі таңғы сағат 9 жарымда болған. Соққының қатты болғаны соншалық, жүк көлігі 58 жастағы әйелді басып өтіп, ал 11 жасар немересі дөнгелегіне ілініп қалған. Қаңсырағандардың майда бөлшектерге шытынап кеткен қолы мен аяқ сүйектерін ота кезінде дәрігерлер орнына әзер салған екен. Қазір екеуі де ауыр халде ауруханада жатыр. Дегенмен қос жүргіншінің жол үстінде не істемек болғаны әзірге белгісіз.
Жазадан жалтаруға тырысқан жүргізуші қамауға алынбаған. «Өздері көліктің астына секірді» дегеннен таңбай тұрған жүргізушінің сөзін дәлелдейтіндей апат болған көшеде бейнекамерада жоқ екен. Аталмыш іске қатысты тергеу басталып, жүк көлігі арнайы тұраққа қойылған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Сот алды бірыңғай реестрде ҚК 345-бабы, 2-тармағы бойынша тіркеліп, тиісті сараптама тағайындалды. Екі тарап та міндетті түрде сұрақ-жауап алу ісіне қатысады. Болған оқиғаның толық мән-жайы осы іс-әрекеттерді жүргізуде анықталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!