«Қазақалтында» жарылған құбырдан у ағып жатыр ма?
«Қазақалтын» компаниясынан тағы да шу шықты. Бұл жолы кеніште құбыр жарылып қалдық су далаға аққан. Ал осы маңдағы тұрғындар лайсаңның құрамында цианид деген улы зат бар деп дүрлігуде. Бірақ алтын өндірушілер құбырдан аққан сұйықтық техникалық су деп бет бақтырмай отыр. Жергілікті халықтың айқай-шуынан кейін, топырақ пен судан сынама алынды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
17.03.2021
Ала таңнан шулаған жұрт жарылған құбырдан сай салаға жайылып аққан лайдың цианид деп аталатын у екеніне сенімді. Олар алтын өндіретін үш зауыт арасында тартылған құбырдың қайдан шығатынын жақсы білеміз дейді. Одан төгілген қалдық кен тазартуға қолданылған улы зат деп даурығуда.
Сағдат Қасенов, Ақсу кентінің тұрғыны:
- Халық шыдамды ғой, бірақ төзіміміз таусылды. Бұл экологиялық апат! Мына жақта пульпа, бассейн, мына жақта суды тартып, міне, бұзылып жатыр. Қар ерісе, бүкіл су қаптайды. Цианид – у! Сәлден соң аузыңа дәм келеді. Біз осында сонымен тыныстап жүрміз.
Бассейн – алтын өндіру компаниясының нысандары. Ал өндірілген кенді түрлі химиялық затпен тазартып, жуынды суды қалдық қоймаларына жинайтынын мұндағы жұрт біледі. Тұрғындардың қорқынышын сейілту үшін кәсіпорын басшылары төгілген қалдықты техникалық су деп, бет бақтырар емес.
Жұмәділ Алыбаев, «Кazakhaltyntechology» ЖШС директорының орынбасары:
- Бұл техника суы. Зауытта Зауыт технологиясында Ақсу өзенінен су тартып қолданамыз. Екі-үш жыл жұмыс істеген соң, соңғы қоймада су жиналған. Бүркіп тексергенбіз, тағы жетіде гидрсоққы болып атылған.
Цианид төгілді деген жерде экологтар да жүр. Олар топырақ пен судан сынама алған. Бірақ сараптаманың Степногор қаласында жасалатынына жұрт наразы. Өйткені алтын өндірушілер у емес, техникалық су екенін қалайда дәлелдеп шығады дейді.
Бір гектардай жерге жайылған қалдық суды таңертеңнен кеніштегілер ауыр техникамен жинап, далаға емес, фабрика аумағына тасып алыпты. Соған қарағанда олар төгілген кенді қайта өңдемекші дейді жергілікті жұрт. Ал төгілген лай суда қауіпті зат бар-жоғын сараптама анықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!