{metadescription}
Қазақстанға келетін қандастардың қарқыны неге бәсеңдеген?
Қазақстанға келетін қандастардың қарқыны неге бәсеңдеген?

Қазақстанға келетін қандастардың қарқыны неге бәсеңдеген?

Қазақстанға келетін қандастардың қарқыны тым баяулап кеткен. Бұған мәжілісмендер соңғы жылдары квотаны аз бөліп жүрген үкіметті кінәлады. 1993 жылдан бері бөлінген квота саны 100 есе азайыпты. Дегенмен бір жарым миллиондай қандас елге асығып отыр.

Атқарушы биліктің жәй қимылына қайран қалған депутаттар тек шетелдегі қазақтар мәселесімен айналысатын агенттік құру керек дейді.

7 миллион қазақ сыртта жүр. Былай қарасаң, бұл қазақ халқының жартысына жуығы. 15-20 жыл өткен соң, біз тіпті оларды мүлдем жоғалтып алуымыз мүмкін екен. Енді қайтпек керек? Әрине, елге көшіру керек. Бірақ қандастардың қоныс аударуына соңғы жылдары квота саны азайған. Антирекордқа жеткізген үкіметтің бұл ісіне мәжілісмен Қазыбек Иса ашынып отыр.

Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:

- 1993 жылы ел болып есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөліп,  бұрынғы межеден 100 еседей төмендеп, антирекордқа жететіндей басымызға не күн туды?

30 жылдың ішінде 1 миллионнан аса қазақ елді аңсап жетіпті. Олар үй алды, жұмысқа тұрды, балалары туған жеріне әбден сіңісті. Әлі де Қазақстанға қоныс аударуға ниетті 1 жарым миллиондай қандас бар екен. Шетелдегі қазақ мәселесімен айналысып жүргендер қандастар көшірілсе, солтүстіктегі қаңырап бос қалып жатқан мектептер толар еді дейді. 

Нұрхан Жәлелов, «Отандастар қоры» қоғамының ақпарат-талдау департаментінің басқарушы директоры:

- Эмиграция салдарынан солтүстік облыстар шынында да босап жатқан елдімекендер көп. Бір елдімекенде үшқабатты мектеп 400 мың теңгеге сатылып кетті дейді. 1000 доллар. Ал кезінде оған қаншама шығын кетті? Елдімекендерден халық кетіп жатыр, ал орнына келіп жатқан жан жоқ. Ол демографиялық мәселе. Ол жердің босап қалуы.

Жалпы, квотаның азаюына депутаттардың айтуынша, бұрынғы Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квота сұрау әр облыс әкімдігіне берілуі себеп болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарды шақыруға ынталы емес көрінеді. Мәселен, соңғы бес жылда Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері квота сұрамапты.

Дастан Айтқұлов, ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы:

Квота жоғарыда атап өткендей, көші қон заңына сәйкес, солтүстік өңірлер өз өтініштерінің аясында бекітілетін болады. Қазір бекітілуде. Ол өтініштер қайдан пайда болады? Өтініш жергілікті өңірдің өзінің сұранысына байланысты мектеп, балабақша және ауруханадағы, тұрғын аймақтағы бос орындарға құрылады.  

Қандастар кезігетін тағы бір мәселе – Қазақстан азаматтығын алудағы қиындық. Қазақ екенін дәлелдеуге 48 құжат жинайды. Сондықтан «этникалық қазақ» екенін дәлелдейтін құжатты беру механизмін дұрыс жолға қоймасақ, аз уақытта көп қандасымыздан айырылып қаламыз деп қауіптенеді мәжілісмендер.

Төменгі палата депутаттары әлгінде айтқан әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек деп санайды. Депутаттық сауал үкімет басшысына жолданды. Ал оның жауабын еңбек министрлігінің өкілі айтып қойғандай, қандастарды көшіру жалғасады. Алдағы бес жылда тек 80 мың қазақты көшіруге қауқарымыз жетеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде