Шымкентте уәдеге тойған көп балалы аналар әкімге талап қойды
Шымкентте баспанасыз жүрген 70-ке жуық әйел қала әкімдігіне баса-көктеп кірмекші болды. Пәтер кезегі әлдеқашан келгендерге шенеуніктер қырық сылтау айтады екен. Тіпті келесі айда баспаналы боласыз деп шығарып салатын көрінеді. Құрғақ уәдеге тойған көп балалы аналар нақты мерзімін айтуды талап етті.
Автор: Бек Әбиев
17.03.2021
Айгүл Құраласбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Алты ай бойы, қазан айынан бастап уәде беріп келеді. Ай сайын келеміз. Келесі айдың 15-не аласыз деді. Барсақ: «Мен өйтіп айтқан жоқпын» дейді. Әр күнімізді есептеп отырмыз. Пәтер жалдап жүрміз. Алты баламмен ешкім пәтерін жалға бергісі келмейді.
Аналар әкіммен жүздесуді талап еткенімен, орнына тек орынбасары шықты. Ұлардай шулаған әйелдерді әкімдік жанындағы көрме орталығына кіргізген шенеуніктер бұл жолы да уәдені үйіп-төкті. Атқамінерлердің айтуынша, баспаналар салынып біткен. Оның кілтін табыстау үшін тек пәтерлердегі кем-кетіктерді аяқтау керек екен. «Пандемияға байланысты баспана үлестіру кешігіп жатыр» деген әкім орынбасары, келесі айдан қалмай жүздеген көпбалалы отбасы баспаналы болады деп ант-су ішті.
Ерғали Білісбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
- Биыл 976 үй беріледі деп отырмыз. Осы жылға тағы соғылатын 1580 пәтерге ақша бөлінген. 976-ның 370-сін көпбалалы аналар алады. 300-ін жастар алады. Екінші, көп балалы аналарға, Құдай қаласа, 1-сәуірге дейін береміз деп жоспарлап отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!