Алматыда демалыс күндері автобус жүретін болды, бірақ...
Алматыда демалыс күндері автобус жүретін болды. Бірақ уақыты шектеледі. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин өткен апта шығарған қаулысына осындай түзету енгізді. Сауда үйлері мен демалыс орындарына қатысты да шектеу бар. Өйткені соңғы тәулікте ковид-19 індеті анықталған 1082 адамның 300-і – алматылық.
Автор: Асқарбек Қазанғап
17.03.2021
Жандарбек Бекшиннің қаулысы Алматының ауа райындай құбылып тұр. Демалыс күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтайды деп тоқетерін айтқанмен, енді райынан айныпты. Мереке және сенбі, жексенбі күндері автобустар таңғы 6 мен 10, кешкі 5 пен түнгі 10 аралығында жүретін болды. Қаланың бас санитар дәрігері шектеуді "қызыл" аймақтан шыққанша күшейтуді көздегендей.
Бекшиннің ауық-ауық түрленіп жатқан қаулысы біраз алматылықтың шамына тиді. Өйткені өткен демалыста көпшілігі жұмысқа жаяулап жетті. Тұрғындар тарапынан наразылық күшейген соң, қоғамдық көлікке қатысты түзету енгізілді.
Сауда үйлері сенбі-жексенбі жабық болады. Бірақ ағы бір парадокс – мереке күндері таңғы 10-нан кешкі беске дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген.
Сәдуақас Байғабылов, Алматы санитарлық-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Мереке күндері аптаның жұмыс күндеріне тура келіп тұр. Мейрамнан кейін бәрі жаппай бейсенбі, жұма күндері сауда үйіне ағылмау үшін, олардың жұмысына бұл күндері тыйым салмадық. Бірақ уақыт жағынан шектеу бар. Ал автобустарға қатысты айтар болсақ, азаматтардың жұмысына жетіп, қайтуы үшін уақытын соған қарай ыңғайладық. Қалған күндері штатты режимде жұмыс істейді.
Жаңа қаулыда біраз нысанның жұмыс уақыты нақты жазылған. Жабық базарлардың есігі кешкі беске дейін ашық. Супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс кестесі тәулік бойы емес, енді түнгі екіге дейін істейді. Ал қалған дүкендер тек түнгі 12-ге дейін саудасын дөңгелетеді.
Алматылықтарды «мерекеде қайда барамыз?» деп алаңдатқан сұраққа тоқталсақ. Медеу мұз айдынында сырғанауға рұқсат жоқ. Ал Шымбұлақта келушілер санын 50 пайызға қысқартады.
Қаулы осы сенбі күшіне енеді. Бұл шектеудің аясында қанша уақыт күн кешетініміз эпидахуалға тікелей тәуелді. Егер Алматы "сары" аймаққа ойысса, шектеу шарасын қайта қарауға тура келеді. Жаңа қаулының жай-жапсары туралы ертең Жандарбек Бекшин толығырақ тарқатады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!