Келіншектің өліміне айыпталған гинеколог ақталды – Ақтөбе
Ақтөбеде жеке клиникада қайтыс болған келіншектің өліміне кінәлі деп айыпталған гинеколог ақталды. Осыдан бір жарым жыл бұрын емделмек болған 20 жасар Гүлдана Нұрмағанбетова екпе салғаннан кейін есінен танып қалған. Соған қарамастан дәрігер құрсағын тазартуға кіріскен еді.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.03.2021
Қыршын кеткен келіншектің өліміне қатысты акушер-гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Феттер сотта жауап беріп, ақырына дейін өзінің еш кінәсі жоғын айтумен болды.
Оның сөзінше, марқұм анафилактикалық шоктан қайтыс болған. Ал айыптау актісінде құрсағын тазартуға екпе салып, гидротрубация деп аталатын ем жасап жатқанда көз жұмған. Сот-медииналық сараптамада да бір дәріден аллергия берген делінген.
Бірақ судья сарапшылар пікірін тек болжам деп бағамдап, дәрігерді ақтап шықты. Оның есесіне тергеудің жан-жақты жүргізілмегенін айтып, жеке қаулы шығарды. Өйткені «Әлия» деп аталатын клиникадағы медбикенің алғашқыда белгіленген дәріден бөлек екпе салғаны анықталды. Емхана басшысы Әлия Шаңғараева келіншектің өліміне қатысты комиссия құрамына өзі мүше болған. Онымен қоса жеке емхананың дәрігерлері анафилактикалық шоққа қарсы дәрі қолдануды білмейді және препараттары жоқ. Ал жедел жәрдем 40 минут кеш келген. Қара жамылған отбасы осыған қатысты шағым түсіретіні әзірге белгісіз.
Теміржан Алданов, Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы:
- Сот «Әлия» жеке клиникасында алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібі бұзылғанын анықтады. Уақтылы анафилактикалық шокқа қарсы адреналин екпеген. Дәрігерлер не істеу керегін білмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес әрбір емханада болуы керек анафилактикалық шокқа қарсы дәріханалық қобдиша болмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!