Науқастың күйеуі фельдшерді тепкілеп қолын сындырды – Алматы облысы
Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлері тағы да таяққа жығылды. Түн ортасында шақыртуға жеткен фельдшерді науқастың туысы жедел жәрдем көлігінің ішінде тепкілеп тастаған.
Автор: Аруна Ортай
18.03.2021
Мұндай сорақылықтан соң күн-түн демей шақыртуға алып ұшып баратын бүкіл жедел топ дүрлігіп отыр. Кезекті мәрте әріптестері соққының астында қалған қызметкерлер жоғарыдағылардан өздерін өзгелердің жұдырығынан қорғайтын бір шара қолдануды талап етеді.
Ислам Қуандықов жедел жәрдем қызметінің фельдшері. Жаны ауырған жұртқа алып-ұшып алғашқы көмегін көрсетіп жүрген жігіттің қолын сол сырқаттардың туыстары сындырған.
Оқиға түнгі 12-де болған. Құрсағынан қан кеткен келіншекті дереу ауруханаға жеткізбек болған. Алайда әйел күйеуінсіз «ешқайда бармаймын» деп табандап тұрып алыпты. Ал күйеуі удай мас болған.
Ислам Қуандықов, фельдшер:
- Күйеуімсіз госпитализация жасамаймын деді әйелі. Мен жарайды деп, ауыр халін көріп әйелініе рұқсат бердім. Содан кейін қасында бірге келді. Содан кейін ауруханаға жақындап қалғанда, сағат 07:30-да маған шабуыл жасады. Қолымен де ұрып, аяғымен тепкіледі. Қайсысы қолыма тигенін білмеймін. Өйткені бетімді жауып үлгердім.
Ал ұрыс бір бөтелке сыра үшін шыққан. Үйінен удай мас болып шыққан еркек қалтасына тағы бір бөтелке салып алған екен. Содан онысын жедел жәрдем көлігінің ішінде ішпек болған. Фельдшердің бар кінәсі «ішпе» деп айтқанында. Әріптесінің соққыға жығылып жатқанын көрген жүргізуші дереу көлікті тоқтатып арашаламақ болған. Бұзақыны полиция қызметкерлері де сабасына түсіре алмапты. Содан оның тепкісінен фельдшерді құтқару үшін көзіне газ баллон шашуға тура келіпті. Жедел жәрдем қызметкерлері таяқ жеген соңғы жарты жылда бұл оқиға осымен – жетінші.
Айдос Арсланұлы, аға фельдшер:
- Бұл жерде ер адам болып отыр, ал егер әйел болса ше? Әйел адам қорғана алмайды ғой?! Басынан ұрып тепкілеп тастаса, ертең мүгедек болып қалған жағдайда кім жауап береді? Біз сол үшін заңды күшейтіп, біздің қорғанысымызды күшейтсе дейміз.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіретіндер тек айыппұлмен құтылмаса дейді. Себебі, асқан ауыр жарақат болмаса, көбіне арзымайтын өтемақы төлеп, жайына кете береді екен. Ал фельдшерді соққыға жыққан – 35 жастағы Қаскелең қаласының тұрғыны.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Оның орта дәрежедегі масаң күйде болғанын көрсетті. Жәбірленуші сол күні Қарасай ауданындағы полиция басқармасына арызданған. Қазір ҚР ҚК 107-бабы, 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалды.
Жедел жәрдем көлігінің ішінде сыра ішуге рұқсат бермегені үшін фельдшерді соққыға жыққан жігіт қазір қамауда. Десе де жарақат аса ауыр болмағандықтан, ол да жеңіл-желпі айыппұлмен құтылуы мүмкін. Ал қолы сынған жігіт емделіп болған соң, елге қызметін әрі қарай да жалғастырамын деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!