Ұсыныс: Шетелден ПТР-тестін тапсырып кел
Елге қайтатын туристер ПТР-тесті болмаса, ұшаққа отырғызылмауы керек. Қазақстан туроператорлары әуе компанияларына осындай ұсыныс жасап отыр. Егер ол қабылданса, қай турист қай елге барса, сол жерден қайтар кезге 72 сағат қалғанда ПТР-тестін тапсыруға тиіс.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.03.2021
Нәтижесі теріс деген анықтамасы болғанда ғана елге қайтарылады. Қазақстаннан шетелге туристік компаниялар арқылы емес, өз бетінше демалуға кететіндер көп екен. Қазір Қазақстан туроператорлар қауымдастығы осы мәселені шешумен бас қатырып жатыр.
Қолында ПТР-тесті жоқ шетелден оралғандарды 6-қазаннан бастап оқшаулай бастаған еді. Олар елге келген соң мемлекет есебінен тест тапсырып, кімнің ауру, кімнің сау екенін анықтайды. Сол мақсатта қазір 2 миллиард теңге жұмсалған. Бірақ туроператорлар енді сол шығынды саяхатшылардың өз мойнына артқысы келеді.
Инна Рэй, Қазақстан туроператорлары қауымдастығының президенті:
- Бұл мәселеге қатысты нақты қаулы кейінірек шығады. Бірақ біз 20-наурыздан бастап шетелге демалуға бара жатқандардан өз келісімімен ПТР-тестіне қаражат алынады. Ал қазір сыртта демалып жатқандарға қатысты қандай шара қолданылатыны енді жарияланады. Қазір сол мәселені жан-жақты талқылап жатырмыз.
Қазақстан бүгінде 14 елмен әуе қатынасын қайта жандандырып, әуе бағыттарын аптасына 95 рейске дейін арттырды. Былтыр 6-қазаннан бері елге сырттан миллионнан астам адам келген. Соның 203 мыңы ПТР тестінен өтіп, 1042 адамнан коронавирус анықталған. Сырттан кеп жатқандардың көбі елорда мен Алматыға түсіп жатыр.
Ақмарал Мейірманова, Нұр-Сұлтан қаласы СЭБД бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Ағымдағы жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан қаласына халықаралық әуежайлар арқылы 49860 адам ұшып келді. Оның 7274-інде коронавирусқа қатысты ПТР-анықтамасы болған жоқ. Сондықтан олар қаладағы карантиндік стационарға жатқызылды. Оларға коронавирусқа ПТР-тест жүргіздік.
Елге оралғаннан кейін ПТР-тест тапсырған 203 мың адамның 33 мыңы ғана туроператорлардың ұйымдастыруымен барған турист екен, яғни өз бетінше қыдырушылар әлдеқайда көп. Олар елге келіп тегін қонақүйде оқшау жатып, ПТР-ді тегін тапсырды. «Жұрттың соған бойы үйреніп кетті», - дейді туроператорлар қауымдастығы. Сондықтан ол шығынды саяхатшылардың өз мойнына артқанын саяхаттап жүргендер де қолдап жатыр.
Маржан Кенжебаева, турист:
- Маған ПТР-тестін сол саяхаттап жүрген елімде тапсырып келген тиімді. Себебі, өзіме де, басқаларға да қауіпсіз екендігіме көз жеткізем. Оның үстіне елге барған соң науқастарға арналған қонақүйде жатқым келмейді. Ал елге келгеннен кейін тапсырғысы келетіндер ақшасын үнемдегісі келеді. Бірақ жолда, ұшақта басқаларға жұқтыруы мүмкін ғой.
Елге қайтатын туристерде ПТР-тесті болмаса, ұшаққа мінбесін деген ұсыныс әлі шешіліп жатыр. Оның қызу талқыға түсері сөзсіз. Себебі, ПТР-тест құны әр елде әр түрлі және қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Мәселен, Шри-Ланкада 20 долларға тапсырса, Түркия мен Мальдив аралдарында 150 доллар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!