Алматыда жазушы Герольд Бельгерге ескерткіш қойылды
Қазақтын Гер ағасына ескерткіш қойылды. Бүгін жазушы Герольд Бельгерге арналған мүсіннің ашылу салтанаты өтті. Қоғам қайраткерінің тұлғасын сомдаған ескерткіш қаланың қақ ортасына орнатылған. Мемлекеттік хатшы президенттің құттықтау сөзін жеткізді.
Автор: Салтанат Шырынхан
19.03.2021
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Халқымыз «Гер аға» деп құрмет тұтқан Герольд Бельгер саналы ғұмырында ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты. Бұл ескерткіш еліміздегі бірлік пен татулықтың мызғымас белгісінің көрінісі ретінде бағаланып, өскелең ұрпақ өнеге алар тағылымды орынға айналатынына сенімдімін.
Биыл Герольд Бельгердің дүниеден өткеніне 6 жылдан асса да, ол туралы көзқарас өзгермеген. «Қазақ қуанышы – өз қуанышым» деп жар салған қаламгер қазақ, орыс және неміс тілінде еркін жазып, 200-ге жуық шығарманы аударған. 50-ден аса кітаптың авторы.
Салтанатты шарада Гер ағаның көзін көргендер мүсін жазушының түр-түсін шынайы бейнелейтінін жеткізді. Биіктігі үш метр болатын мүсін Жамбыл мен Уәлиханов көшесінің қиылысындағы саябаққа орнатылған. Авторы – белгілі мүсінші Нұрлан Далбай. Герольд Карлұлы ұзақ уақыт бойы ауыр науқаспен күресіп 28 жыл балдақпен жүрсе де, шығармашылығын тоқтатпаған. Ғұмырын халыққа, мемлекеттік тілді үйренуге және оның сұлулығын түсіндіруге арнады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!