{metadescription}
«Ақша аудармасаң, жарамын!» – Алматыда 34 мектепті кім дүрліктірді?
«Ақша аудармасаң, жарамын!» – Алматыда 34 мектепті кім дүрліктірді?

«Ақша аудармасаң, жарамын!» – Алматыда 34 мектепті кім дүрліктірді?

«Ақша аудармасаң, жарамын!». Алматыда 34 мектеп жарылғыш зат қойылғаны жөнінде хабарлама алды. Хатты жіберуші адам түскі сағат үшке дейін сұраған қаржы көрсетілген нөмірге түспесе, ғимараттың күлі көкке ұшатынын жеткізген.

Бастапқыда полиция департаменті №12 мектептің осындай хат алғанын мәлімдесе, түске таман ондай үрейлі хабар алған білім ордаларының саны 34-ке жетті. Бопсалаушы азамат қанша қаржы талап етті? Оның террористік топқа қатысы бар ма?

Алматы мектептеріндегілердің шетінен үрейі ұшты. Абдыраған ұстаздар шетінен 102 нөміріне қоңырау шалып жатты. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылды деген хатты оқу төбесіне жай түсіргендей.

Саперлар сенімді серігі – иттерімен жедел жетіп, мектеп ішін тінтуге кірісті. Ал мұғалімдер мен оқушылар жаппай сыртқа шығарылды. Әліптің артын баққан №12 мектеп қызметкерлері электрондық поштаға келген хабарламаны таңғы сағат сегіз шамасында оқыпты.

Жанат Бекжанова, Алматы қаласы № 12 мектеп директоры:

- «Мектепке жарылыс заты қойылды, сағат үшке дейін мына телефонға хабарласыңыз» деген, телефондары көрсетілген. Сол хабарламаны көре сала, 102-ге хабарластық. Бірден шықтық, полицияға хабарластық, балаларды бірден эвакуациялап далаға шығардық.

Үрейлі хабарды оқи сала, іштегі 28 оқытушы мен 80 оқушы бірден сыртқа ытқып шыққан. Саперлар да оқиға орнына лезде жетті. Бірақ жарылғыш зат қойылды деген мектеп маңы, неге екені белгісіз, мүлде оқшауланбаған.

№12 мектептен қырық адым жердегі №33 мектеп хатты оқи сала, далаға асыққан. Оқушылардың ата-аналары жеткенше, көшенің арғы бетінде топтасып тұрған.

Әбдіғали Төлебаев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Сыныптар бөлек-бөлек тұр екен. Екі немеремді алдым, біреуі бірінші сыныпта, біреуі екіншіде оқиды, үйге алып қайттым. Бомба қою деген арандатушылық қой.

Поштаға келген атышулы хат.  Өзін Азиз Сафаров деп таныстырған азамат TZLkey ұйымының жетекшісімін деп көрсеткен. Бірақ хаттың өзі Армидин Исламов деген адамнан келген. Логині terrorist деген сөзбен аяқталады. Басты талабы – түскі сағат үшке дейін 500 мың теңгені көрсеткен нөмірге аудару.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Қаламыздағы полиция департаментінің жедел іздестіру қызметтерінің өкілдері хабарламаны жіберген белгісіздің аты-жөнін анықтауға кірісті. Ол міндетті түрде ұсталып, ҚК 273 бабымен қылмыстық жауапқа тартылады.

О баста 8, одан кейін 12, ақырында 34 мектептің суыт хатты алғаны мәлім болды. Саперлар түс қайтқанша барлық білім ордасын тексеріп, жарылғыш заттың жоғын растады. Дүйім елді дүрліктірген күдікті қолға түссе, үрейлі хаты үшін 6  жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде