Алматыда ковидтің жаңа штаммына ұқсас мутация табылды
Коронавирус көбейген Алматыда енді қауіпті індеттің жаңа штаммына ұқсас мутация табылған. Науқастардың бірінен анықталған штаммдарды отандық ғалымдар зерттеп әлек. Тек соны анықтауға бір айдай уақыт керек. Ал «вирустың өршуін басады» деген вакцинаны салу елде қызу жүріп жатыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
19.03.2021
Денсаулық сақтау министрлігі Ресейден қосымша екпе сұратқан. Елдегі эпидемиологиялық жағдай қалай?
Ғалымдар Sars-Cov-2 вирусы әлемді жайлағанда оның соншалықты қауіпті болмайтынын топшылаған. Уақыт өте келе, сол мамандардың пайымы тек жартылай ғана жүзеге асты. Қазір ғаламды коронавирустың бес штаммы жаулап жатыр. Оның бірі Қазақстанға да жетіпті.
Covid-19-бен ауырып жатқан алматылық науқастардан алынған зертхана үлгілері қазақстандық ғалымдардың ісін еселеді. Олар зерттеу нәтижесінде коронаинфекцияның мутациясын анықтаған. Бірақ мутацияның «британдық» па, әлде «оңтүстікафрикалық», не «бразилиялық» екенін білмейді.
Манар Смағұл, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары:
- Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының базасында бүгінде скрининг жүргізілуде. Сол арқылы оң нәтиже көрсеткен Sars-Cov-2-ні зерттеуге ала отырып, «британдық», «Оңтүстік Африка», «бразилиялық» штаммдарға ұқсас ықтимал мутацияны анықтай аламыз. Мутацияны және оның осы штаммдардың біріне жататынын нақты растау толық геномдық секвенир аяқталғаннан кейін қосымша уақытта айқындалады.
Соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, коронавирусқа қарсы вакциналар шартарапты кезіп жүрген жаңа штаммдардан қорғай алады екен. Мәселен, Қазақстан сатып алып отырған «Спутник V» препараты 90 пайызға дейін тиімді. Елдегі жаппай вакцинациялаудың себебі де осы - ауырмаудың жолын іздеу. Қазақстан көрші елден тағы доза жеткізудің амалын қарастыруда.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Қарағанды медициналық фармацевтика кешенінде 600 мың доза шығарылады. Бұл осы уақытқа дейін жасалған келісімшарт аясында жүзеге асырылады. Қазір қосымша қажет екпеге байланысты «Спутник V» вакцинасын өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатыр.
Елде 1-ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Бүгінде 100 мыңнан астам адам егіліпті. Оның ішінде 63 мыңнан астам – медицина қызметкері, 22 мың – педагог, күш құрылымдарының 7 мың қызметкері, 8 мың басқа санаттағы азаматтар бар. Екпеден кейін ешкім өзін жаман сезінбепті. Наурыздың соңына дейін өңірлерге жеткізілген 145 мың дозаға қосымша 150 мыңы қосылады. Ал сәуір айында бір миллион қазақстандық егілуі тиіс.
Бір миллион ел азаматының кейбірі қазақстандық QazCovidIn препаратын қабылдауы мүмкін. Бұған дейін Дднсаулық сақтау министрлігіндегілер отандық вакцинаның 50 мың дозасын сәуір айының соңына дейін өндіреміз деп жоспарлаған. Ал бүгін бескүндік Наурыз мейрамы алдында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлеуметтік желіде әлеуметке мейрамда думандатпай, үйде отырып, демалуға кеңес береді. Ал бір жерге бара қалсаңыз, бетперде киіп, арақашықтықты сақтауды сұрады. Сөйтіп өршіген дертті ауыздықтауға үлес қосамыз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!