Ақтауда ата-аналар балабақша ақысын арзандатуды талап етті
Ақтауда балабақша ақысы қымбат деп шу шығарған ата-аналардың балалары бөбекжайға кіргізілмей жатыр. Далада дірдек қаққан балақайлар тек айқай-шудан кейін ғана өз тобына жіберілді. Ашынған ата-аналар қалалық білім бөліміне жиналып, ақыны арзандатуды талап етуде.
Автор: Айман Нұрмағанбет
25.03.2021
Ирина Косарева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Екі балам бар. Бұрын төлем сомасы аз еді. Қазір екеуіне 50 мың теңге төлеймін. Бұл сома қалтаны қағады. Жаңа келісімшартты көрдік. Балабақша басшылығы тек өз мүддесін ойлаған. Бала ауырып бақшаға бармай қалса да, үйірмелерге қатыспаса да, ақшаны толық төлеу керек дейді. Бүгінгі жасағаны тіпті ұят. Балаларды тоңдырып, ішке кіргізбей есіктің алдында тұрғызып қойды.
Жыл басында «Өркен» балабақшасының басшылары ай сайынғы төлемді бірден 25 мың теңгеге көтерген. Алайда бұған келіспеген ата-аналар келісімшартқа қол қоюдан бас тартыпты. Сондықтан ақы төлеуден бас тартқандардың балаларын бүгін балабақшаға кіргізбей қойған. Ашынған ата-аналар бөбекжай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мемлекеттен субсидия алады дейді. Сондықтан бағаны көтеруге негіз жоқ деп отыр. Ал облыстағы білім басқармасы жекеменшік мекемені тексеруге «құқымыз жоқ» деп қол қусырып отыр.
Клара Құлатаева, Маңғыстау облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы:
- Біз дәл қазір балабақшаны тексере алмаймыз. Себебі, кәсіпкерлерді тексеруге болмайды деген мораторий бар. Бірақ бұл балабақша мемлекеттен субсидия алады – балабақша мен білім басқармасы арасында келісімшарт бар. Сол келісім-шарттың аясында ата-аналардың айтқан мәселесін қараймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!