Аман қалған екі ұшқыштың беті бері қарады – Алматы облысы
Алматы облысында әуе апатынан аман қалған әскери қызметкерлер есін жиды. Ауыр жарақат алып денесін күйік шалған ұшқыштар жедел ауруханаға жеткізілген еді. Дәрігерлер екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан қос ұшқыштың беті бері қарағанын айтады.
Автор: Салтанат Шырынхан
25.03.2021
Сағи Бейсенбеков, Алматы № 4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері:
- Жағдайлары тұрақты ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Екі науқас та есін жиды.
Апат Қызылту ауылының маңында 13-наурызда болған. Нұр-Сұлтан қаласынан көкке көтерілген Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-26 әскери ұшағы отқа оранып, Алматы әуежайының ұшып-қону жолағына жете алмай құлаған. Әуе кемесінің бортында болған 6 адамның төртеуі оқиға орнында ажал құшты. Ал есін жиғандардың бірі – экипаж командирі Артем Аширов бұған дейін ауыр хәлде жатқан болатын. Қазір дәрігерлер екі әскери қызметкердің өмірін сақтап қалу үшін барын салып жатыр. Ал апаттың себебін арнайы комиссия тергеу аяқталған соң жариялайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!