{metadescription}
Полиция Аяжанның өлімін егжей-тегжей айтып берді
Полиция Аяжанның өлімін егжей-тегжей айтып берді

Полиция Аяжанның өлімін егжей-тегжей айтып берді

Алматылық полицейлер 19 жастағы Аяжан Еділованың өліміне қатысты деректерді егжей-тегжейлі айтып берді. Сақшылар күдіктінің бойжеткенді өлтіріп қана қоймай, денесін бөлшектеп тастағанын растады. Тіпті көзі қанға толған 28 жастағы азамат қылмыстың ізін жасыру үшін дене бөлшектерін қала аралап қоқысқа тастапты.

Ауыр қайғыдан есеңгіреп қалған марқұмның туысқандары полиция дер кезінде іске кіріскенде қылмыстың алдын алатын едік қан жылап отыр.

Елді дүрліктірген қылмыс Нұркент ықшам ауданындағы көпқабатты үйде болған. 19 жастағы Аяжан Еділованың қанын мойнына жүктеген жігіт осы жерде тұрыпты. Бар сұмдықтың бетін ашқан полицейлер қандықол күдікті пәтеріне келген бойжеткенді асқан қатыгездікпен өлтірген дейді.

Кісі қолынан қаза тапқан Аяжан қаскөймен үш күн бұрын интернет арқылы танысқан. Наурыздың 19-да сол азаматпен жолығу үшін үйіне келіпті. Есік алдындағы бейнебақылау камерасында қыздың өз еркімен кіргені жазылған дейді полицейлер. Алайда түн ортасында қыз бен күдікті арасында жанжал туындап, көзі қанға толған жігіт оны жазым етеді. Ал ауыр қылмыстың жалғасы аза бойыңды қаза қылады.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Қызды өлтіріп, қылмысын жасыру мақсатында оның денесін бөлшектейді. Аса қатыгездікпен, жауыздықпен жасалған қылмыс. Денесінің кейбір мүшесін наурыздың 19-нан 20-на қараған түні қаланың шет-шетеріндегі қоқыс жәшіктеріне лақтырып үлгереді. Ал кейбір дене мүшесі үйде қалған.

Қайғыдан қан жұтқан марқұмның туысқандары: «Бәріне полицияның сылбыр әрекеті кінәлі» деп есептейді. Олардың айтуынша, қыздың жоғалғаны жөнінде ертерек дабыл қағылса да, полиция дер кезінде іске кіріспеген.

Алмат Мүліков, марқұм Аяжанның туысы:

- Солардың салғырттығынан бір күнімізді жоғалттық. Осы аралықта қанішер денені қасапшы секілді бөлшектап тастаған. Күдіктінің мойындауына сенсек, әуелі өлтіріп, сосын жасыру үшін денені бөлшектеген екен. Бірақ суретті көргенде шошып кеттік. Әр буыннан кесіп тастаған. Тістерін қағып алып пакетке салған. Кәнігі қанішер болмаса, бұлай жасамайды ғой. Басын кесіп суға қайнатқан. Қу сүйек қана қалыпты. 

Аялап өсірген Аяжанның мәйітін де тани алмай қан жылаған жақындары полицияның сөзімен келіспейді әрі тезірек ДНҚ сараптамасын жасатуды талап етеді. Қылмыстық істе шикілік барын айтқандар күдікті психикалық ауытқуы бар деген себеппен жазадан құтылуы мүмкін дейді. Бірақ қыз жоғалғаны жөнінде қоңырау түсе сала іздеуді бастадық деген сақшылар «жедел қимылдадық» деп сендірді.  

Рустам Әбдірахманов, Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары:

- Күдіктінің көрсетуі бойынша, кісі өлімі 19-нан 20-на ауған түні болған. Бізге қыздың жоғалғанын жеткізген қоңырау наурыздың 20-сы күні түстен кейін түсті. Сондықтан туысқандарының болжамы шындыққа жанаспайды.

Ал қолын қанға малғанымен қоймай, шімірікпестен мәйітті кескілеп тастаған күдікті қазір Қалқамандағы ауруханада жатыр. Қасына қатаң күзет қойылған. Із кескен полицейлер үйге жеткенде ол есікті ашпай қарсылық танытқан. Кейін арнайы жасақ есікті бұзып кіргенде өзіне қол жұмсамақ оймен мойнына пышақ сұғыпты.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Сот санкциясымен қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды. Күдікті медициналық мекемеден шыға сала, тергеу изоляторына жөнелтіледі. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, міндетті түрде жауыздықпен жасаған сезікті заң алдында қатаң жауап беретін болады. 

28 жастағы Түркістан облысының тумасы бұрын-соңды сотталмаған. Болашағы енді басталған бойжеткеннің өмірін қиған күдіктінің мұндай қадамға не үшін барғаны белгісіз. Қылмыстың мән-жайы тергеуде анықталады.

19 жастағы Аяжан Еділова Алматыдағы Сән колледжінің 4-курсында оқыған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде