Баспанаға алданғандар кәсіпкерді жазалауды талап етті – Ақтөбе
Арзан пәтер аламыз деп алданған. Ақтөбеде экономикалық сот ғимараты алдына жиналған тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беруге уәде еткен кәсіпкерді жазалауды талап етті. Шағын несие беретін ұйымның басшысы Жанат Есениязова ондаған адамның ақшасын алдап алған.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.03.2021
Ақырында жеңілдікпен берілетін үй де, ақша да жоқ. Ал үш жылдан бері құзырлы органдарға шағымданғанмен, кәсіпкер еш жазаға тартылмаған.
Таң атысымен экономикалық соттың алдына жиналғандар шыдамның да шегіне жеткенін айтады. Бірер күн бұрын өздерін алдап кеткен «Capital to life» компаниясын осы сот банкрот деп таныған. Ал тұрғындарға үй алып беруге уәде еткен басшысы әлі күнге дейін жазаланбапты. Кәсіпкер Жанат Есениязова жұртқа баспана құнының 35 пайызын төлесең, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерлі боласың деп сендірген. Содан бері үш жыл өтсе де не ақша, не үй жоқ.
Кенжеғыз Шабитова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- «Нұрлы үй» деген бағдарлама 2020-мен келген деді. Бәрі заң бойынша деп бізді көрсетіп, келісімшартқа отырзды. Үй де жоқ, компания да жоқ. Қай жерге барған жоқпыз осы елдің, Ақтөбеде, облысқа да прокуратураға бардық. Бәрі уәде бергенімен, біреуі де келіспеді.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдікпен пәтер алуға уәде еткен Жанат Есениязова ақшаны өз қалтасына басқан. Тұрғындардың алды 800 мыңнан 10 миллион теңгеге дейін төлепті. Осы ақшаны қайтара алмағандардың кейбірі суицид те жасаған.
Жібек Иманғазина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бұл компаниядан зардап шекпеген адам жоқ. Қандағаш қаласынан бір азаматымыз 3 миллион ақшасын салып, отбасымен жанжалдасып, ақшасын ала алмаған соң, ақыры соңында өзіне өзі қол жұмсап қайтыс болды. Қаншама семья бір-бірімен айқайласып ажырасып жатыр. Алданып қалған, арбауға түсіп қалған азаматтың барлығының ақшасын қайтарып, қарғысқа қалмай, бір адамдай татулықпен шешілсе деген ниетпен келіп отызмыз.
Осыған дейін Жанат Есениязовқа қатысты бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, қысқартылыпты. Үш жыл дегенде прокурорлар істі енді сотқа өткізбекші.
Баян Әлішова, Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі:
- Ақтөбе қаласының Астана аудандық прокуратурасына келіп түсті. Заңдылығын тексеріп, қылмыстық істің және айыптау қортындысының заңдылығы тексеріп, қылмыстық іс сотқа жолданайын деп отыр. ҚК 190-бабы, 3-бөлігі , яғни алаяқтық, алдап ақшаны иемдену туралы.
Бұған дейін азаматтық сотта Жанат Есениязованың ісі қаралған екен. Алданған адамдарға ақшаны өндіру туралы шешім шығарылыпты. Бірақ кәсіпкер миллиондап олардан алғанын тек тиындап қайтарып отырған. Айына әрбіріне небәрі 4-5 мыңнан ғана тарfтқан. Бұлай мазақ қылған оны тұрғындар қылмыстық жазаға тартылсын деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!