Бизнесменді балталап өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген – Шымкент
Шымкентте бизнесменді балталап өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген қаскөй ұсталды. 35 жастағы кәсіпкер Аваз Жаналиевтің мүрдесі өз көлігінде отқа оранып жатқан жерінен табылған еді, оны өлтіруге 2 миллион теңге себеп болған. Кәсіпкерге жер сатамын деген күдікті үйіне шақырып балтамен ұрып өлтіріп, денесін көлігіне салып өртеп жіберген.
Автор: Бек Әбиев
29.03.2021
- Өлім жазасын берсін, шұндақа күл болсын...
Жаназасы шыққан Аваз Жаналиевтің туыстары жақынын өлтіргендерге үш күннен бері қарғыс жаудырып жатыр. 35 жастағы кәсіпкер жұма күні кәсібін кеңейтуге жер аламын деп, үйінен 2 миллион теңге алып шығып кеткен екен. Кешкісін оның көлігі Сайрам ауылының шетінде өртеніп жатқан жерінен табылды. Оны танысы жер сатамын деп үйіне шақырыпты. Барған кезде екеуінің арасында жанжал шығып, кәсіпкерді балталап өлтірген. Мұны марқұмның достары күдікті полицияға айтып жатқан кезінде өз аузынан естідік дейді.
Расулмат Әлімқұлов, марқұмның досы:
- Ойы болған ақшаны алуға, басынан балтамен ұрады. Тағы да ұрдым дейді. Үсті-басы қан болғаннан кейін пакет кигізіп, машинаға салдым, телефонын өшіріп тастадым да, үйіміздің жанында қырға қойып келдім дейді.
Одан кейін өліктің үстіне бензин құйып өртеп жіберген. «Тойотаның» жанып жатқанын бәзбіреулер телефонға да түсіріп алған. Өртеп, сайға домалатып жіберем деген жоспары іске аспай қалған қаскөйдің қашып бара жатқанын көргендер де бар екен. Көп ұзамай ұсталған күдікті қазір тергеліп жатыр.
Дәулеткелді Әбдіраманов, Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бастығы:
- ҚР ҚК 99 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті де ұсталған. Шымкент қаласы арнайы прокуратурасында тексеруде.
Полицейлер айтпаған күдікті туралы марқұмның туыстары жайып салды. Кәсіпкердің өліміне күдікті Азиз Әлімбаевтың анасы да қатысы бар екеніне сенімді. Себебі, жер сатамын деп алғаш кездескен де күдіктінің анасы дейді. Сондықтан ол да заң алдында жауап берсін деп отыр.
Гүлзада Жаналиева, марқұмның анасы:
- Анасын да соттасын. Баламмен кездескен сол, жердің құжаты ұлымда деп алдап,үйіне жіберген де сол. Сондықтан полицейлер оны да тексерсін. Мен қартайып ұлымның қызығын енді көремін дегенде, баламды жоқтап отырысым мынау. Тексерілсін бәрі, қылмыскерлерге барынша қатаң жаза берілуін талап етемін.
Қамауға алынған күдікті бұрын да қарақшылық жасағаны үшін сотталып шыққан.
Ал бірнеше көлік жуу орталығы бар, арнайы техниканы жалға берумен айналысатын кәсіпкердің денесі жер қойнына тапсырылды. Оның артында үш баласы мен аяғы ауыр келіншегі қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!