Вакцина жетіспей, қосымша сатып алынатын болды
Қазақстанда бұған дейін межеленген 6 миллион емес 10-11 миллион адам вакцина алуы керек. Сонда ғана қоғамдық иммунитет күшейіп, вирустың беті қайтады. Сарапшылардың пікірі осындай. Бірақ елімізде мұнша көлемдегі азаматтарды егуге вакцина жетіспейді. Сондықтан қосымша дозалар сатып алынбақ.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
29.03.2021
Қазір қытайлық «Синовак» екпесіне тапсырыс берілген. Жуық арада 1 миллион дозасы жеткізілмек. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда вирустың оңтүстік африкалық, британдық және бразиялиялық штамдарының пайда болуы вакцинация жоспарын түбегейлі өзгертуді талап етеді. Енді халықтың 50-60 емес 75-80 пайызын жаппай еккенде ғана қауіптің бетін қайтаруға болады. Дерттің мутацияланған түрлері анықталған Алматыда жыл соңына дейін 900 мың тұрғын егіледі. Оған 250 вакцинациялау пунктері ашылады. Сарапшылардың пікірінше, вирустың жаңа штамының жұғу көрсеткіші жоғары. Сондықтан егу жұмысын жеделдеткен жөн.
Бауыржан Жүсіпов, Профилактикалық медицина академиясының сарапшысы:
- Вакцинаның қажеттілігі артып отыр. Меніңше, елдегі қоғамдық иммунитеттің қалыптасуы үшін вирустың жаңа штамдарының пайда болуына байланысты, кемі 10-11 миллион тұрғынға екпе салу керек. Ал бұған дейін ауырып шыққандардың антиденелерін ескерсек, олардың вакцина қабылдауы жағдайдың біршама оңалуына айтарлықтай септігін тигізеді деген сенімдемін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!