Елордада жағдай ушықты, карантин шектеулері енгізіледі
Елордадағы эпидахуал мәз емес. Қалада күн сайын Ковид-19-ға шалдығушылар саны 350-ден 400-ге дейін барады. Жағдай ушыға бастаған соң, қаланың бас санитар дәрігері жаңа карантиндік шектеулер енгізіп жатыр. Өйткені осы наурыз айында жұқтырушылар саны тым көбейіп кеткен.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.03.2021
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:
- Соңғы үш күнде Нұр-Сұлтан қаласында Ковид бойынша жағдай күрт нашарлап, осы күнде ауырғандар саны екі есе өсті. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық республика деңгейінен 2,9 есе жоғары көрсеткішке ие болды. Және бүгінгі күні эпидемиологиялық жағдай шиеленісті болып қалады.
Қала осымен жиырмасыншы күн «қызыл» аймақта тұр. Шаһардағы коронавирус жұқтыру көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 2,9 есе көп. Мәселен, қаңтарда 3 760 адам ауырған болса, ақпанда 2811 адам жұқтырған. Ал наурыз әлі бітпей жатып 4 930 адам жұқтырып үлгеріпті.
Биыл ауырғандар саны 11 мыңнан асса, пандемия басталғалы статистика 30 мыңнан артып кеткен. Жағдайды бақылаудан шығармас үшін бас санитар 30 наурыз бен 11 сәуір аралығын қоса алғанда карантиндік шектеулерді күшейтетін қаулы шығарды.
- Енді сауда үйлері жұмыс күндері кешкі беске дейін ғана жұмыс істіп, демалыс күндері жабылады.
- Қоғамдық тамақтандыру орындары кешкі оннан бастап жабылуы тиіс.
- 9 және 11 сыныптарда 15 балаға дейін сыныпта отыруға рұқсат.
- Қалған сыныптар онлайн оқуға көшеді.
- Олармен бірге бірінші курс студенттері де онлайнға қайта көшеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!