Қазақстан «қызыл» аймақтың сәл-ақ алдында – ауырғандар азаймай тұр
Қазақстан «қызыл» аймаққа енудің сәл-ақ алдында. Ауырғандар саны азаймай тұр. Тек бір күннің өзінде мың жарымдай науқас тіркелген. Басым көпшілігі – Алматыда. Елорда мен Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының да эпидахуалы ушыққан өңірлердің санатынан шығатын түрі жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
29.03.2021
Ақтөбе, Алматы мен Қарағанды облыстары да ауру айылын жимаса жақын күнде осы көшке қосылуы мүмкін. Негізінен дерттің ушығуына тығылып той-томалақ жасаушылардың тыйылмауы себеп. Тойды тыя алмай пұшайман болған ақтөбелік эпидемиологтар амалсыз мейрамханалардың жарығы мен суын өшіріп тастауды ұсынып отыр.
Алматыға ауру тісін мықтап батырғандай. Қалада күніне орта есеппен 500 адамға вирус жұғады. Дезинфекторларға да тыным жоқ. Наурыздың басында індеттің ошағы деген тұрғын үй дәліздерінің саны 600-ден ай аяғына дейін күрт екі мыңға көбейген.
Жандос Қайырханов, Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
- Соңғы қаулыда дәліздерден бөлек, міндетті дезинфекция жасалуы тиіс жерлердің тізіміне саябақ, балалардың ойын алаңы мен көшеде тұрған банкоматтар қосылды. Күн сайын атқарылатын жұмысты барынша күшейтіп жатырмыз.
Алматыдағы ахуалға алаңдаған шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаев дүйсенбіні күтпей, кеше Қазақстан-Франция матчымен тұспа-тұс онлайн сұхбатқа шықты. Оның ойынша, Алматы қазір үшінші толқынды бастан кешіп жатыр. Жағдай ушыққандықтан, шектеу шарасы тағы да екі аптаға созылды. Мониторингтік топтар тығылып, сауық құрғандарды әшкере еткенімен, кейбір қызметкерлердің «бармақ басты, көз қыстымен» пара алатынын Сағынтаев жасырмайды.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Азаматтар айтып жатыр, кейбір жерлерде біз білеміз, мониторингтік топқа қаншаға пара берсең, көзін жұмып кете беретін дейді. Ондайлар болса, ашық айту керек, жасырмау керек. Пара беріп құтылғаннан гөрі, пара сұрап жатыр деп ашығын айту керек. Әкімшілікке хабар беріңіз, құқық қорғау органдары бар.
Ақтөбе облысында да той-садақа өтудің тыйылмауы жағдайды ушықтырып барады. Сары аймақтағы облыстың Ойыл ауданы «қызыл» аймаққа еніп үлгерді. Санитарлар шектеуге шекесінен қарағандардың қарасын азайту үшін тойханаларды су мен жарықтан ажыратуды ұсынып отыр.
Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері:
- Бірнеше рет әкімшілік шара қолданылған кәсіпорындарға коммуналдық қуаттарын өшіртуге, соны тағы да кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге, біз БАҚ пайдалана отырып хабарлама беріп отырмыз.
Атырау облысында тәулігіне 100-ге жуық адамның вирус жұқтырып жатқанын эпидемиологтар мереке күндеріндегі қарбаласпен байланыстырады. Бір қызығы, өңір төрт күн бұрын «қызыл» аймаққа өткенмен, бас санитардың жаңа қаулысы бүгін зорға дегенде күшіне енді. Қазір базарлар мен ірі сауда орындары алты күндік жұмыс жүйесіне көшіп, кәсіпорындардағы жиналыстар шектелді. Ең қауіптісі, Атырауда жұқпалы індетке мектеп оқушылары көптеп шалдығуда. Бүгінде облыстағы 14 мектептен ауру белгілері анықталып, екі сынып карантинге жабылған. Соған қарамастан білім ордалары жұмыстарын жалғастыра бермек.
Амантай Жұмағалиев, Атырау облысы бас санитар дәрігерінің орынбасары:
- 1-5 сыныптар бұрынғы форматта оқып жатыр. 9-11-12 сыныптар 70 пайызға дейін дайын, штаттық режимде, қалған 30 пайызы онлайн режимде оқиды. Бірақ барлығы да бір кабинеттік жүйеде оқиды.
О баста балалардан ауру іргесін алыс салады деген ойымыз жаңсақ болып шыққандай. Коронавирустың мутацияланған түріне шалдыққан бүлдіршіндердің саны бір ғана Алматыда бес есеге артқан. Жағдайға санитарлар алаңдағанмен, жақынына жаны ашып, өзгенің өміріне сақтық тәртібіне бағынатындардың азы өкінтеді. Соңғы тәулікте 1492 адам вирусты жұқтырса, өкінішке қарай, 22-сі бақилық болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!