Жайықтан салмағы 150 келі ірі бекіре аулады
Атыраулық балықшылар Жайық өзенінен салмағы 150 келі алып бекіре аулады. Ұзындығы екі метрден асатын су маржаны түнгі сағат үш шамасында ауға түскен. Мамандар бағалы балықты бірден ультрадыбыстық сканерден өткізіп, ішінде 30 келіге жуық уылдырық бар екенін анықтапты.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
30.03.2021
Бекіре тұқымдас балықтың зіл батпан болғаны соншалық, еңгезердей бес-алты жігіт жағаға зорға сүйреп шығарған. Одан кейін арнайы тексерістен өткізіпті. Қазір қызыл балық Жайық-Атырау бекіре зауытының тоғанына жіберілді. Көп ұзамай балық өсірушілер бекірені қолдан ұрықтандырады. Бұдан балық зардап шекпейді дейді мамандар. Ал жазда су маржаны қайтадан теңізге жіберіледі.
Майра Зұлқашева, бекіре балық зауытының бас балық өсірушісі:
- Балықтың жағдайы жаман емес. Кеше УДЗ диагностикамен қарап шықтым. Бұйыртса, 25 келі уылдырық алармыз деп ойлаймын. Енді одан миллионның үстінде шабақ шығады деген үміттеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!