Қайназар тұрғындары кірпіш зауытынан зардап шегіп отыр – Алматы облысы
Кірпіш зауыттарынан келген зауал. Алматы облысындағы Қайназар ауылының тұрғындары осылай дабыл қақты. Ашулы ағайынның айтуынша, ауыл іргесінде орналасқан төрт кірпіш зауыты экологиялық апат тудырып отыр. Кірпіш құйған кәсіпкерлер тау бөктерін қопарып түгін қалдырмаған көрінеді.
Автор: Мақсат Мәлік
30.03.2021
Ал шаң мен түтіннен көз ашпаған тұрғындар соңғы уақытта түрлі ауру-сырқау көбейгенін айтады. Шарасы таусылған жұрт қанша арызданса да шара қолданбайтын әкімдік өкілдеріне өкпелі.
- Сәл жел соқты, тау көрінбейді, шаң. Жазда демала алмай қаламыз.
Алты мыңға жуық халқы бар Қайназар ауылының қазіргі көрінісі осындай. Тұрғындар құдайдың құтты күні шаңнан көз ашпаса, енді бірде көк түтінге тұншығуға мәжбүр.
- Міне, кірпіш зауытының түтіні. Ауылға бағытталып тұр.
Қауіпті індет қайта күшіне мінсе де, еріксіз көшеге шыққан тұрғындар іргедегі кірпіш зауытының кесірін айтып тауыса алар емес. Ашулы топтың сөзінше, ауыл жанындағы төрт кірпіш зауытының жұмыс істегеніне 15 жылға жуықтапты. Содан бері «сорбұлақтың басына сорға бола қонғандай» күй кешіп келеміз дейді наразы жұрт.
Дәкенай Сәмбетбаев, Қайназар ауылының тұрғыны:
- Шаң. Таңертең тұрғанда машинамыздың үсті, жуған кір – бәрі шаң. Түтін, тұман. Халықты біз жинағанымыз жоқ. Мен жаңа өтіп бара жатып таң қалдым. Бүкіл ауыл өзі келді. Ешкім шақырған жоқ. Осы кірпіш зауытына қарсылығы.
Берік Дуанбеков, Қайназар ауылының тұрғыны:
- Зауыт емес, полигон болып кетті. Кәдімгі кірпіш полигон. Жан-жағынан ландшафтның бәрін құртып, жыртып тастады. Чtрнобыль сияқты боп кеткен, таңнан кешке дейін шаң.
Ауылдағы ағайынды кәсіпкерлердің тауды оңды-солды қопарып, табиғаттың түгін қалдырмаған әрекеті де қынжылтады. Себебі, көктем шыға жасыл желекке оранатын бөктерлер санаулы жылда аяқ жетпес құзға айналған. Тіпті сай-саланы жауып тастаған зауыттардың кесірінен жар жағалап қалған төрт-түліктің жайылымы тарылыпты. Ең сорақысы, ауылда экологиялық ахуал ушығып, ауру-сырқау көбейген.
Сәния Кәрімова, Қайназар ауылының тұрғыны:
- Қазір әрбір үшінші адам туберкулез, асматик, аллергиялық астма. Осы зауыттың кесірінен болып жатқан жағдай.
- Қазір көбейіп бара ма?
- Иә, көбейіп жатыр. Тыныстау қиын. Мен күніне үш-төрт рет жедел жәрдем шақырамын. Осындай жағдайда тұрып жатырмыз.
Басар тауы қалмаған ауыл тұрғындары талай мәрте жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырдық дейді. Бірақ әлі күнге дейін халықтың мұңын тыңдайтын бірде-бір шенеунік табылмаған.
Берік Дуанбеков, Қайназар ауылының тұрғыны:
- Үш жыл бұрын да айтқанбыз. Әкімшілікке де айтқанбыз. Кішкене тас төсесін, балшығын шығармасын деп. Әлі ештеңе істелінген жоқ. Ешкім құлақ асып жатқан жоқ. «Жазыңдар» дейді. Жазып жатырмыз. Осылай жанайқай болып қалады әр жерде. Бұдан былай халық шыдай алмайды.
Шыдамы таусылғандарға басу айтқан әкімдіктегілер мәселемен етене таныспыз дейді. Шенеуніктердің сөзінше, кірпіш құйған кәсіпкерлердің құжаттары түгел, жұмысында заңға қайшы кінәрат жоқ. Алайда тұрғындардың арыз-шағымы аяқсыз қалмайды деді билік өкілдері.
Әсем Жамашева, Рахат ауыл округі әкімінің орынбасары:
- Бұл мәселенің шешімі тек заң аясында қаралады. Құзыретті органдарға жібереміз. Табиғат қорғау прокуратурасы бар. Басқа да органдар ғой. Солардың бәрі заң шеңберінде қарастырады.
Десе де сан жылдан бері құрғақ уәдеге алданған қайназарлықтардың ауылдық әкім-қараларға сенгісі жоқ. Кірпіш зауыттарын түбегейлі көшіруді талап еткен жұрт енді облыс әкімі Амандық Баталовтан көмек сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!